Түрмеден қашудың ерекше әдісін тапқан қашқын іздестірілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі People-ға сілтеме жасап.

Францияның оңтүстік-шығысындағы Лион қаласының маңындағы Корба түрмесінде бұрын-соңды болмаған жағдай тіркелді.

2025 жылдың 11 шілдесінде, 20 жастағы тұтқын түрмеден камераласының кір жуатын сөмкесіне тығылып қашып кеткен.

Қашып кеткен тұтқынның камераласы сол күні жаза мерзімін аяқтап, бостандыққа шыққан. Түрме қызметкерлері оның сөмкесін жете тексермеген. Ал тұтқын дәл сол сөмкенің ішіне жасырынған.

Франция түрме қызметінің басшысы Себастьян Ковель бұл оқиғаны «ауыр жүйелік қателіктердің нәтижесі» деп сипаттады. Оның айтуынша, тұтқынның жоғалғаны тек келесі күні таңертең ғана анықталған.

Бұл бұрын-соңды болмаған, өте сирек кездесетін оқиға. Бірнеше деңгейдегі ауыр қателіктердің нәтижесі, – деді Ковель.

BFMTV телеарнасы мен AFP агенттігі таратқан ақпарат бойынша, қашып кеткен азамат ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу органдары бұл істі жоспарланған қашу ретінде қарастырып отыр.

Сондай-ақ, BBC хабарлағандай, Корба түрмесінің толымдылығы 170%-ға жеткен. Яғни, 678 адамға арналған мекемеде 1200-ге жуық тұтқын отыр. Бұл жағдай қауіпсіздік пен бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетіп отыр.

Қазіргі уақытта Францияның құқық қорғау органдары қашып кеткен тұтқынды іздестіріп жатыр, ал түрме қызметіне қатысты қызметтік тексеріс басталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!