Фото: @Christophe92/tripadvisor.ru
Римде туристер әйгілі Треви субұрқағын жақыннан көру үшін €2 көлемінде кіру ақысын төлеуге міндеттелмек. Бұл туралы ВВС хабарлайды, деп жазады KAZINFORM.
Қала билігі осылайша, соның ішінде, «ретсіз туристік ағындарды» азайтуды көздеп отыр.
Барокко стиліндегі сәулет ескерткішін тамашалағысы келетін келушілерге арналған жаңа шектеу 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енеді.
Жиналған қаражат қалалық бюджетке түсіп, субұрқақты күтіп-ұстау мен келушілерге қызмет көрсету шығындарын өтеуге жұмсалады. Қала билігі тек осы нысанға кіру ақысынан жылына 6,5 млн еуро табыс табуды жоспарлап отыр.
Бұл шешімді жұма күні жариялаған Рим мэрі Роберто Гуальтьери Reuters агенттігінің хабарлауынша: «Екі еуро — бұл онша көп ақша емес… және бұл туристік ағынның ретсіздігін азайтады» деген.
Треви субұрқағына кіру ақысы Италия астанасындағы кейбір музейлер мен ескерткіштерге арналған жаңа тарифтік жүйенің бір бөлігі.
Қазіргі уақытта кіру ақысы алынатын бірқатар нысанға Рим тұрғындары үшін кіру тегін болады.
Ал туристер мен Италияның резиденті болып табылмайтын тұлғалар Треви субұрқағын және тағы бес көрікті жерді, соның ішінде Наполеон музейін тамашалау үшін ақы төлеуі тиіс.
Бес жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен оларды ертіп жүретін бір адам аталған көрікті жерлерді қарау үшін төлемнен босатылады.
Туристер 18 ғасырда италиялық сәулетші Никола Сальви салған Треви субұрқағын бұрынғыдай тегін көре алады, бірақ алыстан тамашалауға ғана мүмкіндік беріледі.
Рим мэриясының мәліметінше, қазіргі таңда бұл нысанға күніне орта есеппен 30 000 адам келеді.
Өткен жылы жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Гуальтьери көрікті жер маңында үлкен топтардың жиналуын болдырмау үшін кезек жүйесін енгізген.
Қазіргі уақытта субұрқақ маңында бір мезетте 400 адамнан артық болуына рұқсат етілмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!