Пандемия өршіген тұста туризм тұралағаны рас. Министрлік өзге елдерде демалып жатқан қазақстандық туристерді қайтару проблемасымен бетпе-бет келгені де есте. Мәліметтерге сүйенсек, Үкімет алдын ала енгізген шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі тетігінің арқасында бір апта ішінде 5913 қазақстандық азаматты елге қайтаруға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, қаржылық пробемалар да қылаң берді. Эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталуы туристік нарықты жоспарлы қалыпқа келтіруге жол ашуда. Қазір салада нендей өзгеріс бар және туризм еңсесін қашан тіктейді? Өзекті сауалды тарқатсақ.
«Kids go free» бағдарламасы
Туристік агенттіктер кіріс-шығыс туралы есеп беруге жоқ. Дегенмен өткен жылы әуе рейстерінің 95 проценті тоқтатылып, сәуір айының өзінде 4340 рейстің орындалмағаны көп нәрсені аңғартып тұр. Оған қоса сала өкілдерінің тығырыққа тірелгенін мемлекеттен көмек сұрап, дабыл қаққанынан білуге болады. Өткен жылы туризм бизнесінің өкілдері Үкіметке салықтан, түрлі жарналардан босатып, несиелері бойынша өсімпұлдарды тоқтатып, кейінге шегеруді, 1-3 жылға кепілсіз және процентсіз несие беріп, демалысқа жіберілген қызметкерлеріне бюджеттен күнкөрістің төменгі шегіндегі көлемде қаржы бөлуді сұрап, ашық хат жолдаған еді. Хатта туризм саласында 80 мың адам жұмыс істейтіні, олардың 90% әйелдер екені, көпшілігі жалғызбасты немесе көпбалалы ана, отбасының жалғыз асыраушысы екені келтірілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселеге бірден көңіл бөлді. Басқа да айтарлықтай шығынға ұшыраған салалармен қатар Президент Жарлығымен туристік компаниялар 1 сәуірден 1 қазанға дейін табыс салығынан босатылды. Жалпы салық бойынша төлем мерзімі де үш айға шегерілді. Осы шаралар туризмнің қайта тіктелуіне мүмкіндік берді.
Биыл 30 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда гидтер, туризм нұсқаушылары жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс делінген. Сондай-ақ, шетелдік туристен туристік алым ұсынатын «Bed tax» жүйесі енгізілді. Бұдан басқа туроператорларды туристік пакет құрамында әкелінген әрбір шетелдік турист үшін, ел аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау және кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық талаптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделген. Туристік жолдамаларды туроператорлар енді өз бетінше де, турагенттерді бизнеске тарту арқылы да сататын болады. Мемлекет Қазақстанға тартылған әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға ақы төлемек. Сонымен қатар ішкі туризмді ынталандыру мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен «kids go free» бағдарламасы іске асырылатын болады. Ол балалардың жеңілдікпен ұшуына көмектеспек.
«Бұрынғымен салыстыруға келмейді»
Жалпы, туроператорлық қызметке лицензия екі түрге бөлінеді, шығу және келу. Бүгінде өңірдегі ахуалды сараласақ, 13 туристік фирма жұмыс істейді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы оның қатарында «Акме Кызылорда», «Саяхат», «ТурАн», «Orda Tour», «Тур Салон», «Golden Tour», «DanatAi» секілді фирмалар барын алға тартты. Оның 10-ы әуе, темір жол билетін сату, шығу туризмімен айналысса, қалған 3-еуі ішкі туризмді аяққа тұрғызуға күш салуда. Толымды тәжірибесі қалыптасқан «Тур Салон» туристік фирмасының директоры Перизат Бекназаровамен тілдесу барысында коронавирус саланы тұралатқанын, биыл соны оңалту жүріп жатқанын білдік.
– Өткен жылы отандық туроператорлар жазғы маусымды үлкен үмітпен әрі үреймен күтті. Бірақ әлемдік пандемия тек қазақстандық туристік кластерге ғана емес, экономикасының айтарлықтай бөлігі осы салаға тәуелді Түркия, Мысыр, Қытай мен Еуропаның бірқатар елдеріне үлкен соққы болды. Салаға қолдау көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер ұсынылды. Дегенмен ешқандай түсім түспей тұрып, қызметкерлерге жалақы беру қиындық тудырды. Ол қызметкерлерді қысқартуға дейін әкелді. Оның үстіне шетелдік бағыттарға шектеу қойылып, екінші карантин, яғни локдаун енгізілгелі азаматтар алдын ала бронь жасалған рейстерден толықтай бас тартып жатты. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғаны сәл де болса көмектесті. Арақашықтықты сақтау, бетперде тағу, оқшаулану сияқты қауіпсіздік шаралары туристердің санын арттырып жатыр. Әуе рейстері біртіндеп қайта жандана бастады, алға жылжу бар. Бірақ қазіргі сұранысты бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Клиенттер вирус жұқтырып алмаймын ба, шекараны жауып тастамайды ма деген үреймен екіойлы болып жүреді. Еліміздің «қызылдан» «сарыға», «сарыдан» «жасыл аймаққа» ауысуы көптеген әуе бағыттарының жабық болуына әкеліп отыр, – дейді ол.
Фирма директоры санитарлық талаптардың сақталуы және ПТР тест мәселесіне қатысты сауалдарға да жауап берді. Оның айтуынша, тест қорытындысы маңызды. Мәселен, Дубайда Қазақстаннан келген туристер қайтадан тест тапсырмайды және тек 12 жастан жоғары балалардан талап етіледі. Ал, Мысыр елінде 6 жасқа дейінгі балалар ғана тесттен босатылған. Мұнда да анықтама болған жағдайда туристер қайтадан тест тапсырмайды, елге келерде Шарм эль Шейхтегі мемлекеттік емханалардан шамамен 30 долларға ПТР тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Стамбул немесе Сабиха Гекчен әуежайларында ұшардан 8 сағат бұрын ПТР тапсыруына болады. Грузия елінде де 72 сағат ішіндегі тест қорытындысы жарамды. Егер келуіңізден 3 күн өткен өтсе, қосымша тест тапсыруыңыз қажет. Бұл – 3 мәрте тест тапсыру керек деген сөз.
Бағаға сапа сай болса
Ал ішкі туризмге келетін болсақ, өткен жылы танымал «Sojern» маркетингтік компаниясы пандемия ішкі туризмді дамытуға серпін беруі тиіс деген болжам жасаған. Бұл ретте осы саланы алға сүйресем деген бизнес өкілдері былтыр қарқын азайғанын, ал биыл оның орнын толтыруға жұмыс істеліп жатқанын айтты. Кейінгі жылдары ішкі туризм көрсеткіші қарқынды болған. 2019 жылы елге 6,6 млн турист қонақтаған, ол 2018 жылмен салыстырғанда 13%-ке артық. Өткен жылы бұл көрсеткіш 60-70 процентке азайған.
Бүгінде отандық туристер Маңғыстау, Бурабай, Алакөл курорттық аймақтарына баруға ынталы. Туристердің ПТР-мен ғана емес, «Ashyq» мобильді қосымша арқылы кіруіне болады. Вакцина алған болса, сол сертификат арқылы ПТР талап етілмейді. Қосымша айта кететін жайт, жаңағы талаптар шеттен келген меймандарға да қатысты. Шетелдіктерден «Ashyq» мобильдік қосымшасы сұралмайды. Олар тек вакцина мен ПТР тесттің қорытындысына сәйкес қабылданады. Сондай-ақ, турбизнес өкілдері аймақта жобалық кеңсе аясында «Visitorda.kz» ресми ақпараттық-туристік сайты әзірленгенін айтты. «Возрождение» аралындағы кеме қалдықтары орналасқан аумақтан аспан астындағы мұражай ашу жұмыстары пысықталып жатқанын және алдағы кезеңде «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен басқа тарихи орындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылатынын жеткізді. Айта кету керек, қазір облыста 4 жағажай, 4 шипажай, 11 демалыс орны, 30 жол бойындағы сервистік кешен, 113 орналастыру орны демалушыларға қызмет көрсетеді. 2025 жылға қарай саланың үлесін 8 процентке жеткізу мәселесі назарда.
Туризм индустриясының экономиканы дамытуда ықпалы зор. Оның халықаралық байланыста және валюталық түсім көзі ретінде маңызы айтарлықтай. Әрқайсымызда ішкі туризм дамыса деген тілек те бар. Бірақ, әлеуметтік желіні ашсаңыз, «Жол жөнделсе, шетелге бармай-ақ, елімізде демалатын едік», «Бағасы қымбат, қызмет көрсету нашар» деген пікірлердің әлі де болса азаймағанын аңғарасыз. Оның үстіне пандемия жылғылғанға жұдырық болды. Олқылықтардың орны толуы тек уақыт еншісінде және бұл дүниелер әлі де жұмысты күшейту керек дегенге саяды. Ал, туристік фирмалар әлем бойынша ахуал толығымен тұрақталса жағдай да оңалады деп отыр. Шынында, инфрақұрылым жақсарса, туризм қосымша жұмыс орындарын қалыптастырса, ол сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал ете түсетіні анық.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!