Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастың күрт шиеленісуіне байланысты Үндістан Пәкістанға қарсы алдағы 24–36 сағатта әскери соққы жасауы мүмкін. Бұл туралы Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарар мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Тарардың айтуынша, Үндістан Пахалгамда болған терактіні сылтауратпақ. Министр X (бұрынғы Twitter) желісінде:
«Пәкістанда Үндістан алдағы 24–36 сағат ішінде әскери соққы жасамақшы деген сенімді ақпарат бар», — деп жазды.
Ол Исламабад тарапынан кез келген агрессияға қатал жауап берілетінін ескертті.
Сонымен қатар, Пәкістан сенаторы Сехар Камран екі ел арасындағы су мәселесінің ушығуы ядролық соғысқа дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол Инда өзенінен Пәкістанға су беруді тоқтату — елдің өмірлік маңызы бар мүдделеріне тікелей қауіп төндіреді деді.
«Екі ел де ядролық қаруы бар қарсыластар болғандықтан, бұл қақтығыстағы тәуекелдер өте жоғары. Су ресурстары бойынша жанжал ядролық соғысқа ұласуы мүмкін», — деді Камран.
Оның айтуынша, Инда өзені бойынша 1960 жылы қабылданған халықаралық келісім төрт соғысты және бірнеше дипломатиялық дағдарысты еңсерген. Бірақ Үндістан тарапынан бұл келісімді тоқтату немесе бұзу әрекеті халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы және Пәкістанның өміріне тікелей қауіп ретінде қабылданады.
Камран бұл дағдарыс аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп екенін айтып, екі елді шұғыл диалогқа шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 22 сәуірде Үндістанның Джамму мен Кашмир аймағында Пахалгамда террорлық шабуыл болды. Қарулы адамдар Байсаран аңғарында атпен серуендеп жүрген туристерге оқ жаудырды. Нәтижесінде 25 үндістандық және бір Непал азаматы қаза тапты. Осы терактіден кейін Үндістан Пәкістанға қарсы бірқатар қатаң шаралар қабылдады. Атап айтқанда, ел билігі Пәкістандық әскери атташелерді елден шығарып, 60 жылдан астам уақыт күшінде болған Инда өзенінің су ресурстары бойынша екіжақты келісімді тоқтатты. Сонымен қатар, Пәкістанмен арадағы басты шекаралық өткел – Аттари бекеті де бірден жабылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!