Фото: youtube
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украинаға әскери көмекті арттыруға шақырып, Ресейге экономикалық қысымды күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Кир Стармер Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге мүдделі елдердің басшыларымен онлайн кездесу өткізеді. Жиынға 25-ке жуық елдің өкілдері, оның ішінде Еуропа елдерінің басшылары, Еурокомиссия басшылығы, НАТО, сондай-ақ Канада, Украина, Аустралия және Жаңа Зеландия қатысады.
Британ премьерінің айтуынша, қазіргі кезең нақты әрекеттер жасау үшін маңызды сәт, себебі Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың бастамасымен ұсынылған шешімдерді қабылдауды кейінге қалдыру арқылы бітімгершілік процесін созып келеді.
«Егер Ресей келіссөздерге қатысса, біз ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін ықтимал атысты тоқтату режимінің орындалуын қамтамасыз етуге дайын болуымыз керек. Әйтпесе, қақтығысты тоқтату үшін экономикалық қысымды күшейту қажет», — деді Кир Стармер саммит алдында.
Ол Украинаға әскери көмекті ұлғайту керектігін атап өтіп, бұл елдің қауіп-қатерге тиімді қарсы тұруына мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, Ұлыбритания Украинадағы тұрақты және әділ бейбітшілікті ұзақ мерзімді қолдауға баса назар аударады.
Кездесу қарсаңында британ министрлері белсенді дипломатиялық келіссөздер жүргізді. Ұлыбританияның қорғаныс министрі Германия, Франция, Польша және Италиядан келген әріптестерімен Парижде кездессе, Сыртқы істер министрі G7 сыртқы істер министрлерінің кездесуіне Канадаға барды.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамптың Курск облысындағы украиналық әскерилерге қатысты үндеуіне байланысты пікір білдірген болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!