KAZINFORM – Вашингтон штатының заң шығарушылары штаттың көп миллиард долларлық бюджет тапшылығын жабу үшін «миллионерлер салығы» аталып кеткен заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Fox Business-ке сілтеме жасап.
Штат Сенаты жеке тұлғалар немесе ерлі-зайыптылар үшін 1 млн доллардан асатын табысына 9,9% салық енгізуді қарастырып отырған заң жобасын қабылдады.
Салықтан жиналған қаражат қазіргі уақытта бірнеше миллиард доллар тапшылығына тап болып отырған мемлекеттік бюджетке түседі.
Салық түсімдері сонымен қатар жұмыс істейтін отбасылар мен шағын бизнес иелері үшін тұрғын үй қолжетімділігін жақсартуға бағытталған бағдарламаларға жұмсалмақ.
Заңнама 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, ал салық төлемдері 2029 жылдан басталады. Бұл шешім бүкіл штат бойынша 21 мың тұрғынға әсер етеді деп жоспарланып отыр.
Заң жобасы бұл бастаманы қолдаған губернатор Боб Фергюсон қарауына ұсынылды.
Сыншылардың пікірінше, бұл табысы жоғары адамдардың кетуіне әкеліп, технологиялық сектор зардап шегуі мүмкін. Салық қорының аға ғылыми қызметкері Джаред Уолчак агрессивті салық Вашингтон экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді деп санап отыр. Ол штаттың технология секторының айтарлықтай бөлігі онсыз да өте жоғары бизнес салықтарына ұшырап отырғанын, ал 9,9% көлеміндегі табыс салығы компанияларды өндірісін және жұмыс орындарын басқа штаттарға көшіруге мәжбүр етуіне себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
