Фото: BBC

Inbusiness.kz. 2024 жылғы 9–11 шілде күндері АҚШ астанасы Вашингтонда НАТО саммиті өтуде. Ол Солтүстікатлантикалық Альянстың 75 жылдығына арналды.

Жалпы 2022 жылғы 24 ақпанда басталған Ресейдің Украинаға қарсы соғысы НАТО-ның ХХІ ғасырдағы тарихын екі кезеңге бөлді. Соғысқа дейінгі НАТО әбден әлсіреп, өмірдегі мақсаттарынан айрылып, құру құрдымының алдында тұрған ұйым еді. Үш жылдай бұрын, оның Германияда орналасқан ең ірі әскери базасында қызмет ететін жергілікті жауынгерлердің бірі нысанды ішінен түсіріп, әлеуметтік желіні шулатты. Бейнежазбада ғимараттың әбден тозғаны, шатыры жарылып, су ағып жатқаны, объектінің жете қаржыландырылмауы кесірінен жеткілікті жабдықталмағаны көрсетілген. Жауынгер бөлімнің кейпі мүскін, ахуалы мүшкіл екенін қапалана хабарлады.

Одан бұрын АҚШ Президенті болған тұста Дональд Трамп Американы бұл Альянстан шығарып алатынын айтып, доқ көрсетті. Оған себеп ретінде Трамп НАТО-ға тек Құрама Штаттардың қомақты қаржы құятынын, ал, өзге мүшелер өз қорғаныстарына нысаналы көрсеткіш көлемінде де қаражат бөлмейтінін алға тартты.

Альянсқа қатысушы мемлекеттер төл бюджетінен қорғанысқа, армияға және қарулануға өз ЖІӨ-сінің 2%-ынан кем емес көлемде қаражат бөлуге міндеттеме алған. Кеңес одағымен қырғи-қабақ «суық» соғыс аяқталғалы бейбіт, мамыражай күйге көшкен мемлекеттердің көбісі бұл міндетін орындауды қойды. Салдарынан, Еуропа соғысқа дайын болмай шықты, қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларының біразы жабылғаны, қалғаны жарым-жартылай бос жатқаны әшкере болды.

2022 жылдан соң бәрі өзгеріп сала берді. НАТО кеңейіп, оған Ресейдің көршілері – Швеция мен Финляндия кірді. Онымен серіктестігін нығайтқан өзге елдердің қарасы көбейді. Қару-жарақ шығаратын компаниялар рекордтық тапсырыстар алып жатыр.

Бұл жолғы мерейтойлық саммитке Батыстың осы әскери ұйымы күрт күшейген, қуат жиған күйде жетіп отыр.

Жария болғандай, НАТО елдерінің қорғанысқа шығыстары (ЖІӨ-ге шаққанда) 2014 жылдан 2024 жыл аралығында келесідей өзгерді:

• Польшада ЖІӨ-нің 1,88%-ынан 4,12%-ға дейін артты;

• Эстонияда – 1,93%-дан 3,43%-ға дейін артты;

• АҚШ-та – 3,71%-дан 3,38%-ға дейін кеміді;

• Латвияда – 0,94%-тен 3,15%-ға дейін артты;

• Литвада – 0,88%-дан 2,85%-ға дейін артты;

• Финляндияда – 1,45%-дан 2,41%-ға дейін артты;

• Ұлыбританияда – 2,14%-дан 2,33%-ға дейін артты;

• Швецияда – 1,06%-дан 2,14%-ға дейін артты;

• Германияда – 1,19%-дан 2,12%-ға дейін артты;

• Венгрияда – 0,86%-дан 2,11%-ға дейін артты;

• Францияда – 1,82%-дан 2,06%-ға дейін артты;

• Нидерландыда – 1,15%-дан 2,05%-ға дейін артты;

• Италияда – 1,14%-дан 1,49%-ға дейін артты;

• Испанияда – 0,92%-дан 1,28%-ға дейін артты.

Қалай болғанда, Альянс мүшелерінің басым көпшілігі қорғаныс саласын қаржыландыру бойынша нормативті орындады. Демек, Америкада билік басына қайтадан Д.Трамп келсе де, ол НАТО-ға бұрынғы айыбын қайта таға алмайды.

Саммиттің өзіне келсек, НАТО «Вашингтон саммитінің Бірлескен декларациясының» мәтінін жариялады. Онда Украинаның дәл қазір ұйымға мүшелікке қабылданатыны айтылмаған. Бірақ Кремль бітім келіссөзінде Киевтен талап етпек болған бір пунктінен айрылып қалды: Украина бейтарап ел болмайды, декларацияда Украинаның НАТО-ға мүше болуы «бұлтартпас жол» деп бекітілген. Сондай-ақ бұл елді альянс қатарына алуға дайындық шаралары басталады.

«Украинаның болашағы – НАТО-да. Украина барған сайын альянспен тығыз саяси интеграциялануда және оперативті тұрғыдан үйлесімге келуде. Біз оны толық еуроатлантикалық интеграцияланудың, соның ішінде НАТО-ға мүше болудың бұлтартпас жолында қолдауды жалғастырамыз», – делінген декларацияда.

Бұған қоса, НАТО құрамында Украинаның мүше болуын қолдайтын және осы жұмысты үйлестіретін арнайы құрылым құру туралы шешім қабылданған.

Біріншіден, «Украина үшін НАТО-ның қауіпсіздік саласында жәрдемдесуі және оқытуы» (NSATU) құрылады. Декларацияда мұндай тұрақты жұмыс істейтін құрылымның болуы «халықаралық құқыққа сәйкес келетіні және НАТО-ны қақтығыстың бір тарабы етпейтіні» атап өтілген. Дегенмен, NSATU украиналық армияны және күш құрылымдарын кеңестік қалыптан толығымен арылтып, трансформациялаумен, оларды НАТО-ға түбегейлі интеграциялаумен айналысады.

Осылайша, кеңестік стандарттарға құрылған Ресей әскеріне қарсы толыққанды натолық стандарттағы армия шайқасатын болады. Өйткені әскери сарапшылар қазіргі күйінде бұл соғыс тағы бес жылға ұзайды деп болжайды.

Екіншіден, альянс елдері «Украина үшін қауіпсіздік саласында ұзақмерзімді көмек көрсету туралы міндеттеме» алды. Өйткені кезінде Украинаға, Қазақстанға, Беларуське ядролық арсеналдан арылғаны үшін қауіпсіздігіне кепілдік берген Будапешт келісімі бүгінде адыра қалды.

Осы жаңа міндеттеме аясында одақтастары Киевке таяу жылдары кем дегенде 40 миллиард еуро нақты көмек ұсынуға тиіс. Бұл сома НАТО мүшелері арасында пропорционалды түрде бөлінеді және осы ұланғайыр ақша тек Украинаның қорғанысын нығайтуға бағытталады.

Үшіншіден, НАТО мен Украинаның бірлескен «Талдау, оқыту және білім беру орталығы» құрылады. Бұл ұйым қазіргі соғыстың барысын және сабақтарын талдайды, НАТО елдері сол арқылы жаудың тактикалық және стратегиялық айла-шарғыларын зерттейді, Украинаға тағы қандай көмек қажеттігін бағамдайды, Украина мен НАТО-ның оперативті үйлесімділігін тереңдету тәсілдерін түзеді.

Бұл – болашақтың ісі. Оған дейін Киев әуе қорғанысы (ПВО) үшін тағы 5 жүйе алады. Бұл туралы саммит ашылғаннан кейін таратылған Америка, Италия, Нидерланды мен Румынияның мәлімдемесінде айтылған.

Бұдан бөлек, Украина АҚШ, Германия мен Румыниядан 4 Patriot жүйесін алады. Сондай-ақ Италия әуе шабуылынан қорғануда жақсы жағынан көріне алған SAMP/T жүйелерін жеткізеді.

Би-Би-Си жазуынша, Вашингтон саммитінде АҚШ Президенті Джо Байден қысқа, бірақ қарқынды, тегеурінді сөйледі. Ол бүгінде Ресей–Украина арасындағы соғыста «бетбұрысты кезең» басталғанын жариялады. Сондай-ақ ол Батыстың әскери альянсы тарихта болмаған дәрежеде қуаттана түскенін айтты. Одақтас елдердің Киевке Patriot зениттік-зымыран кешендерін беретінін де Байден мәлімдеді.

Президент Владимир Зеленский бірнеше айдан бері НАТО елдерінен Украина қатты мұқтаж «әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін» жеткізуді арттыруды қиыла сұрап келеді. Дегеніне енді жетіп отырғандай. Өйткені қорғаныс жүйесіндегі олқылықтар салдарынан Ресей зымыраны Киевтегі «Охматдет» балалар ауруханасына тиіп, күйретті. Мәскеу бұған украиналық әуе қорғанысы жүйелерін айыптады, алайда БҰҰ да, әскери сарапшылар да балалар ауруханасына ресейлік зымыранның құлағанын түпкілікті дәлелдеді.

Жалпы алғанда, алдын ала мәлімет бойынша НАТО Украинаға әуе қорғанысының 5 стратегиялық жүйесін, сондай-ақ келесі жыл ішінде таяу радиустағы ондаған тактикалық зениттік батареяларын жеткізеді. Байденнің байламынша, бұл «Ресейдің украиналық қалаларға қасақана шабуылдарынан азаматтық және өмірлік маңызды инфрақұрылымды қорғауды күшейтеді».

Алайда Киль әлемдік экономика институты (The Kiel Institute for the World Economy) сарапшыларының байламынша, бұл да аздық етеді. Сәуірдегі жағдай бойынша, Украина серіктестерінен жалпы алғанда Patriot типті жүйелерге арналған 44 ұшыру қондырғысын алған. Бұл олардың қолындағы осындай қондырғылардың небары 7%-ы ғана.

Атап айтқанда, АҚШ қолында Patriot кешеніне арналған – 480, Францияда – 40, Германияда – 30, Италияда – 20, Нидерландыда – 18 ұшыру қондырғысы болған.

Қосымша тағы қандай көмек болатыны саммит қорытындысында жарияланады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!