Киев Мәскеумен «Ресей адал келіссөздер жүргізуге дайын болған кезде» келіссөздер процесіне кірісуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Deutsche Welle сайтына сілтеп.
Бұл туралы сәрсенбі, шілденің 24-і күні Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Гуанчжоуға сапары барысында қытайлық әріптесі Ван Имен кездескенінде мәлімдеді.
Кулебаның айтуынша, қазіргі таңда Ресей тарапынан мұндай дайындық жоқ.
«Шарттар мен уақыт әлі келмесе де, біз бейбітшілікті ілгерілетуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдаймыз және осында сындарлы рөл атқаруға дайынбыз», – деді Қытай СІМ басшысы Ван И.
Кулеба сонымен қатар Украина тарапы Қытай мен Бразилия 2024 жылдың мамыр айында ұсынған бейбітшілік жоспарын «мұқият зерттегенін» айтты.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков брифингте Украина сыртқы істер министрлігі басшысының сөздеріне түсініктеме бере отырып, Мәскеу Киевпен «келіссөздерден ешқашан бас тартпағанын» айтты.
«Жолдаудың өзі біздің ұстанымымызбен үндес деп айтуға болады, біле білсеңіздер, ресейлік тарап келіссөздерден ешқашан бас тартқан емес, келіссөздер процесіне ашықтығын сақтап келген, бірақ бұл жерде біз әлі нақтысын білмейміз. Бұл мәселе бойынша біраз түсініктеме күту керек», – дейді Кремль өкілі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!