Украина Үкіметі АҚШ-пен Инвестициялық қор құру жөніндегі келісімді бекіту үшін қажетті шешімдер қабылдауда. Бұл туралы елдің премьер-министрі Денис Шмыгаль мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Келісім аясында Украинаға табиғи ресурстарын, соның ішінде сирек кездесетін металдарды игеруде жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Шмыгальдің айтуынша, қор Украина мен АҚШ-тың бірлескен меншігі болады және оны екі елдің үкіметтері бірлесіп басқарады.
«Украинаның жер қойнауы мен ресурстары өз меншігінде қалады, олар АҚШ-қа немесе басқа біреуге берілмейді. Украина болашақта өзінің табиғи ресурстарынан түсетін табыстың 50%-ын қорға аудармақ, ал АҚШ қаржы құралдары мен басқа да қажетті активтер арқылы үлес қосады» – деп түсіндірді Шмыгаль.
Қорға жиналған қаражат Украина экономикасын қалпына келтіруге бағытталатыны және бұл келісімнің Украина ЕО-ға интеграциялау міндеттемелеріне сәйкес келетіні атап өтілді.
Бұған дейін 21 ақпанда ұсынылған келісімнің алғашқы нұсқасында АҚШ Украина табиғи ресурстардан, мұнай-газ секторынан және порттық инфрақұрылымнан түсетін табыстың 50%-ынан бас тартуын талап еткен болатын. Сонымен қатар, АҚШ-тың келісімге сәйкес 500 миллиард долларлық қор құруды талап еткені туралы ақпарат тараған.
Алайда, Украина президенті Владимир Зеленский бұл талаптарды қабылдаудан бас тартты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп 28 ақпанда Зеленскийді Ақ үйде күтіп, сирек кездесетін металдар бойынша мәмілеге қол қоюы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!