«Пари Сен-Жермен» мен Франция құрамасының шабуылшысы Усман Дембеле 2025 жылғы «Алтын доптың» иегері атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол париждік клубты өткен маусымда тарихи хет-трикке жеткізді: Чемпиондар лигасын, Франция чемпионатын және ел кубогын жеңіп алды. Еуропаның басты турнирінің финалында ПСЖ миландық «Интерді» 5:0 есебімен ойсырата ұтып, он жылдан астам уақыт күткен жетістікке қол жеткізді.

Дембеле осылайша «Алтын допты» алған алтыншы француз футболшысы атанды. Бұған дейін бұл марапатты соңғы рет 2022 жылы Карим Бензема иеленген еді. Биылғы дауыс беруде екінші орынды «Барселона» мен Испания құрамасының жас жұлдызы Ламине Ямал алса, үшінші орынға Дембеленің әріптесі Витинья тұрақтады. Әйелдер арасындағы «Алтын допты» «Барселонаның» көшбасшысы Айтана Бонмати жеңіп алды. Ол қатарынан үш рет үздік атанып, бұл жетістікке бұған дейін тек Лионель Месси мен Мишель Платини қол жеткізген.

Бұл марапат Дембеленің карьерасындағы шешуші сәттердің бірі болды. Оның жолы оңай болған жоқ: 2017 жылы дортмундтық «Боруссиядан» «Барселонаға» ауысқан соң бірнеше жыл бойы әлеуетін толық көрсете алмады. Тек Парижде жаңа өмірге қадам басты.

«Мен бастан кешіп жатқан жағдай – ерекше сезім. ПСЖ-мен бірге осындай жетістікке жеткенімізді сөзбен жеткізу қиын. Сәл қобалжып тұрмын. Бұл трофейді жеңу оңай емес, ал оны маған аңыз ойыншы Роналдиньоның табыстауы – тіпті ерекше», – деді Дембеле Париждегі салтанатта.

Футболшыны бірқатар әріптестері сахнада қолдаса, қалғандары сол күні Марсельде Лига 1 аясында өткен матчта ойнады (онда «Марсель» 0:1 есебімен жеңіске жетті).

«Маған 2023 жылы сенім артқан ПСЖ-ға алғыс білдіремін. Бұл – нағыз үлкен отбасы. Президент Нассер әл-Хелаифи мен үшін әке секілді. Сондай-ақ бүкіл бапкерлер штабы мен қызметкерлерге ризашылығымды айтамын, олар ерекше қамқор болды. Командадағы барлық әріптестеріме де алғыс айтамын», – деп сөзін қорытындылады Дембеле.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!