Республикашылар бақылауындағы АҚШ Өкілдер палатасы сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген канадалық тауарларға баж салығына қарсы дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синьхуа таратқан мәліметке сәйкес, заң шығарушылар ұлттық төтенше жағдай деген уәжбен канадалық тауарларға салынған жазалаушы баж салығын тоқтату жөніндегі қарарды 219 дауыс «қолдап», 211 дауыс «қарсы» болып қабылдады.
Дауыс беру көбіне символикалық сипатта, өйткені қарар әлі АҚШ Сенаты тарапынан мақұлданып, одан кейін Дональд Трамптың өзі қол қоюы керек. Соған қарамастан, бұл дауыс беру заң шығарушылардың күрделі таңдауға тап болғанын көрсетті: «америкалық отбасылар үшін өмір сүру құнын төмендету» ме, әлде «бір адамға – Дональд Трампқа адалдықтың салдарынан жоғары бағаларды сақтап қалу» ма, – деді қарар авторы, демократ Грегори Микс.
Дауыс беру барысында Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында:
Өкілдер палатасында немесе Сенатта болсын, тарифтерге қарсы дауыс берген кез келген республикашы сайлау кезінде ауыр зардап шегеді. Тарифтер бізге экономикалық әрі ұлттық қауіпсіздік берді, сондықтан бірде-бір республикашы бұл мүмкіндікті бұзбауы тиіс», – деді ол.
Сейсенбі күні Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон дауыс беруді тоқтатуға тырысып, заң шығарушыларды Трамп тарифтерінің заңдылығы жөніндегі АҚШ Жоғарғы соты шешімін күтуге шақырды, алайда бұл әрекеті нәтиже бермеді.
Трамп 2025 жылдың қаңтарында екінші президенттік мерзімін бастағаннан бері Канададан келетін тауарларға бірқатар тариф енгізді. Г. Микс ұсынған қарар Трамп 1 жыл бұрын атқарушы жарлығымен жариялаған төтенше жағдай режимін тоқтатуға бағытталған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
