«Медиазона» мен BBC бірлескен зерттеуінде Украинадағы соғыста Ресейден шақырылған кемінде 15 077 мобилизацияланған әскердің қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

Журналистердің айтуынша, олардың 42 пайызы Владимир Путин жариялаған «ішінара мобилизациядан» кейінгі бір жылдың ішінде мерт болған.

Ең көп шығын Башқұртстанда (884 адам) және Татарстанда (861 адам) тіркелген. Халық санына шаққанда Бурятия алда тұр – әр 10 мың ер адамның 23-і соғыста мерт болған. Кейінгі орындарда Тыва (13), Магадан облысы және Чукотка (әрқайсысы – 10) тұр.

Алғашқы өлім мобилизация жарияланғаннан кейінгі 5-күні тіркелген. Кемінде 65 адам әскери бөлімдерде немесе жинақ пункттерінде қаза тапқан. Қаза болғандардың басым бөлігі 30–34 жас аралығындағылар. Екінші орында 35–39 жас аралығындағылар тұр.

Зерттеуге сәйкес, мобилизацияланғандар ең көп шығынға 2023 жылы Угледар маңындағы қысқы және жазғы шабуылдар кезінде, сондай-ақ қазан-желтоқсандағы Авдеевка үшін шайқастарда ұшыраған.

«Медиазона» Ресейдегі жалпы мобилизацияланғандардың санын 527 мың деп бағаласа, Путин «318 мың адам шақырылды» деп мәлімдеген. Ресми түрде мобилизация әлі аяқталған жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!