Миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулаған футбол командаларының бірі – Испанияның каталондық клубы «Барселона». Қоржыны жүлдеге бай. Негізі сонау 1899 жылы қаланған клуб осы күнге дейін төменгі дивизионға түспеген клубтардың қатарына кіреді. Бүгінде төрткүл дүние назарын аяғына телмірткен аяқдопшылардың басым көпшілігі де осы клубта доп тепкен.
Жаңа ғасырдың жеңісі
Клуб тарихында маңызды екі кезең бар. Біріншісі – 1988 жылы клубтың тізгінін Йохан Кройф ұстады да, команда көптеген жүлдені иеленді. 1989 жылы УЕФА Кубок иелерінің кубогын, 1992 жылы УЕФА Чемпиондары кубогын ұтып алды. Бір қызығы, осы екі финалда да клубтың қарсыласы «Сампдория» болды. 1992 жылы УЕФА суперкубогына қол жеткізді. 1990-1994 жыл аралығында төрт рет Испания чемпионы атанды. Алайда 1994/95, 1995/96 жылғы маусымдар «Барселона» үшін көңілдегідей болмады да, Йохан Кройф жаттықтырушылық қызметінен босады.
Екінші дәуір 2004 жылдары басталды. Бұл кезде клуб тізгінін тағы бір нидерландтық маман Франк Райкаард ұстады. Клубқа Роналдиньо, Хенрик Ларссон, Людовик Жюли, Деку секілді футболшылар келді және де өз кантерасынан шыққан болашақ жұлдыздары Лионель Месси, Хави, Андрес Иньеста секілді футболшылар жетіліп келе жатты. Клуб 2005, 2006 жылдары Испания чемпионы атанды, УЕФА Чемпиондар лигасында топ жарды.
2006-2007 жылы «Барса» ең бай клубтар тізімін анықтау кезінде үшінші орын иеленді. Оның жылдық табысы – 291,1 миллион евроны құрады. Алдыңғы екі орында Мадридтік «Реал» және ағылшындық «Манчестер Юнайтед» орналасты.
2006-2007, 2007-2008 жылдары «Барселона» ойыны көптің көңілінен шықпады да, 2008 жылы жазда бапкерлікке Хосеп Гвардиола келді. Бұл кезде клубтан Деку, Роналдиньо, Дзамбротта, Тюрам секілді футболшылар кетіп, құрам едәуір жаңарған-ды. Сондай-ақ 2007 жылы жазда «Арсеналдан» Тьерри Анри келді. Оның үстіне Серхио Бускетс, Лионель Месси, Педро секілді футболшылар жетіліп келе жатты. Алғашқы маусымда-ақ Гвардиола жүлде біткеннің бәрін ұтты – Испания чемпионаты, УЕФА Чемпиондар лигасы, Испания кубогы. 2009-2010 жылғы маусым да сәтті басталды, Испания суперкубогы мен УЕФА Суперкубогы олжаланды. Сол жылы қыста клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
2011 жылы Гвардиола екінші рет УЕФА Чемпиондар лигасы мен Клубтар арасындағы әлем біріншілікті және УЕФА Суперкубогын ұтты. 2012 жылы жазда бапкер кетті де, клуб шамалы бәсең тартты. 2013 жылы жазда Неймардың клубқа келуі де қайта бұрынғы биігіне шығуына көмектеспеді. Тек 2014-2015 жылғы маусымның басында клубқа бапкер болып Луис Энрике келді де, 2015 жылы тағы требл жасады: УЕФА Чемпиодар лигасын, Испания чемпионатын, Испания кубогын ұтты.
2017 жылы клубқа бапкер ретінде Эрнесто Вальверде келді. Осы жылы жазда Неймар клубтан кетті. Соған қарамастан клуб 2017-2018, 2018-2019 жылдары қатарынан екі рет Испания чемпионы атанды. 2020 жылы Испания суперкубогында клуб жартылай финалда «Атлетико Мадридтен» ұтылып қалды да, артынша Вальверде қызметтен босатылды. Орнына 13 қаңтарда Кике Сетьен келді. 2019-2020 жылғы маусымда клуб Испания чемпионатында екінші орында қалды, Чемпиондар лигасының ширек финалында «Бавариядан» 2:8 есебімен ойсырай ұтылып, Кике Сетьеннің орнына Рональд Куман бас бапкер болды. Осыдан кейін командада буын алмасу жүріп жатыр. Клубтың жағдайы да күрт нашарлап кетті.
2021 жылы 1 шілдеде клубтың көпжылдық жетекші ойыншысы Лионель Месси командадан кетті. Сол жылы күзде Рональд Куман Райо Валекано клубынан 1:0 есебімен ұтылып қалған соң клубтан қуылды. Куман қызметінен кеткеннен кейін Хави бас бапкер болып тағайындалды. Хавидың жетекшілігімен Барселона 2023- 23 маусымда Испания чемпионы атағын және Испания Суперкубогын жеңіп алды.
2024 жылдың 24 мамырында Барселонаның бас бапкері қызметінен босатылды. 2024 жылдың 26 мамырында Барселона Ханс-Дитер Фликты бас бапкер қызметіне тағайындады. Флик Барселона тізгінінде алғашқы трофейін 12 қаңтар күні жеңіп алды. Испания суперкубогында Барселона Реал Мадрид клубын 5-2 есебімен тас талқан етті. Одан кейін Испания кубогында да 3-2 есебімен жеңіп, кубокты көтерді. Оның үстіне Ла Лигадағы екі Эл-Классико ойында да Барселона басым түсіп, королдік ұжымға бір сезондағы ойындардың барлығын мүмкіндік бермеді.
Камп Ноу стадионы – таңғажайыптар мекені
Клубтың негізгі ойнайтын алаңы – Камп Ноу стадионы, Еуропадағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен футбол стадионы. Стадионның ресми ашылуы 1957 жылдың 24 қыркүйегінде өтті. Ашылғаннан бері стадион Каталан футбол клубына тиесілі болды және алдымен «Estadi del FC Barcelona» деп аталды. Соған қарамастан ол Камп Ноу деп аталып кеткен. Ресми түрде ол өзінің қазіргі атауын 2000 жылы алды. «Камп Ноу» – бұл Испаниядағы ғана емес, бүкіл Еуропадағы ең үлкен стадион: сыйымдылығы 99,354 көрермен.
Стадион бірнеше рет қайта құрылды. Бұл алғаш рет 1981 жылы болды: стадион Испанияда өткен 1982 жылғы Әлем кубогының матчтарын өткізу үшін кеңейтілді. Сыйымдылығы 120 000 көрерменге дейін ұлғайтылды. Екінші қайта құру 1998 жылы УЕФА-ның барлық орындар орындықтармен қамтамасыз етілуі керек деген жаңа ережелерді енгізуіне байланысты жүзеге асырылды. Стадион мүмкіндігінше көп орынды сақтап қалуы үшін көгалдардың деңгейін төмендетуге тура келді. Қазіргі уақытта стадионның сыйымдылығы 99 354 көрерменді құрайды. Футбол алаңының көлемі – 105×68 метр.
2007 жылдың қыркүйегінде клуб ашылған күнінен бастап елу жылдық құрметіне стадионды қайта құру жобасын қабылдады. Халықаралық байқау ұйымдастырылды, оның барысында әлемнің сәулетшілері өз жобаларын ұсынды. Қазылар алқасының құрамына клуб өкілдері, мемлекеттік әкімшілік және каталан сәулетшілері қауымдастығының мүшелері кірді. 2007 жылдың 18 қыркүйегінде жеңімпаз белгілі болды. Ол жаңа Уэмбли стадионын, Мийо Виадукін, Колсерол мұнарасын, Нью-Йорктегі Жаңа сауда орталығын салумен танымал болған ағылшын Фостерлері мен серіктестері болды. Жоба моделі алғаш рет 2007 жылы 22 қыркүйекте өткен Барселона мен Севилья арасындағы матч басталар алдында көпшілік назарына ұсынылды. Бастапқы бюджет 250 миллион еуроны құрады.
2022 жылы «Spotify» Барселона серіктесі болғаннан кейін Камп Ноу стадионы келісімге сәйкес 4 жылға атын ауыстырады. 2023/24 жылғы маусымда стадион күрделі жөндеуден өтуде.
Үздіктер шығатын шеберхана
Барселонадағы жүйелі жұмыстың спорттағы бір көрінісін Ла Масияның кешегі һәм бүгінгі керемет нәтижелерінен көруге болатын шығар. Тума талантты жазбай танитын бұл мектеп әлемнің болашақ футбол жұлдыздарын бала кезінен дөп басып тауып, өзіндік футбол философиясына баулып, сары майдай сақтап, балапандай баптап, уақыт-сағаты келгенде үлкен футбол додасына алып шығатын философиясымен ерекшеленеді. Олай жасамаса Ла Масия мен Барселона бола ма?! Месси, Иньеста, Хави, Бускетс, Пике сынды Ла Масия таланттары Барселонаны көкке көтерді. Месси Аргентинаны, өзгелері Испанияны Еуропа мен әлем чемпионаттарында үстем етті. Кейінгі 10-15 жылдағы футбол тарихының бір бөлігін осы Ла Масия түлектері жазды десек те артық емес шығар. Кейінгі кездердегі тамаша футбол тактикаларына қарап Ла Масияның жас шәкірттері Барсаның қазіргі футбол философиясын қалыптастырып жатқандай әсер қалдырады. Гави (11 жаста), Ямал (7 жаста), Фермин Лопес (13 жаста), Пау Кубарси (11 жаста), Марк Касадо (13 жаста) Ла Масия табалдырығын аттаған екен. Ла Масияда қалыптасқан, тамырын тереңнен алатын таланттармен атқарған жүйелі жұмыс пен қажырлы еңбектің нәтижесі тамаша ұжымдық философияға, араға уақыт салып футбол додасындағы тың феноменге айналар күн алыс емес тәрізді.
Қорытынды. Клуб биыл қайта күш алғандай. Маусым басталғаннан-ақ камбэк қаһармандары атанып, клуб тарихын қайта жаза бастады. Футбол әлеміне 17 жастағы Ламин Ямальды тарту еткен ұжым құрамы одан әрі күшейте түсті. Шабуылшылар – Левандовский, Рафинья, Ферран Торрес, орталық қорғаушылар – Педри мен Гави, Де Йонг, Фермин Лопес пен Касадо, қорғаушылар – Кубарси мен Мартинес, Бальде мен Кунде, Араухо мен Эрик Гарсия бірлесе жүріп, Испания кубогын жеңіп, ендігі Ла Лига чемпиондары атануға жақын тұр.
Десек те клуб жанкүйерлерінің 10 жылдан бері күткені – Чемпиондар лигасының қалқанқұлақ кубогы. Алайда бұл жолы да каталондық ұжым жартылай финалда италиялық «Интер» клубына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Жанкүйерлер Ханс-Дитер Флик баптайтын клубтан келер жылы Чемпиондар лигасын жеңуді сұрайды. Ал ұжым осы уақыттан бастап Барселонада келер жылы дүбірлеген той болады деп сендіреді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!