фото: baq.kz

Жапонияда ерекше қызмет түрі – «OK Obaachan» (жалдамалы әже) қызметіне сұраныс артып келеді. Бұл қарттарды еңбекке тартып қана қоймай, қоғамдағы жалғыздық пен әлеуметтік оқшаулануды да азайтуға ықпал етіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ жапондық сайтқа сілтеме жасап.

Қымбатшылықтың өсуі елдің зейнеткерлерін қосымша табыс табуға мәжбүрлеп жатқан кезде, мұндай қызмет түрі үлкен сұранысқа ие бола бастады. Жапония Статистика бюросының дерегінше, қазіргі уақытта елде 65 жастан асқан шамамен 9,3 миллион адам жұмыс істейді. Бұл – әр төртінші зейнеткердің еңбек нарығында әлі де белсенді екенін көрсетеді.

«OK Obaachan» бағдарламасын 2011 жылы Client Partners компаниясы іске қосқан. Қызметтің шарты бойынша, тапсырыс беруші сағатына 3 300 иен (шамамен 20 доллар) және дәл сондай жол шығынын төлеп, 60 пен 94 жас аралығындағы әйелдерді үйіне шақыра алады. Қазір компанияда осындай 100-ге жуық «әже» жұмыс істейді. Олар тағам дайындау, бала қарау, үй жинау сияқты тұрмыстық қызметтерді ғана емес, сонымен қатар отбасылық кикілжіңдерді шешуге көмектесу, әдемі жазу өнерін (каллиграфия) үйрету, тіпті моральдық қолдау көрсету сынды қызметтерді де атқарады.

Қызметті пайдаланушылар арасында түрлі мақсаттағы тапсырыстар бар. Мысалы, кей ер адамдар ата-анасына өзінің сексуалдық ориентациясын айту кезінде «әжені» шақырып, жанында болғанын қалайды. Сондай-ақ клиенттер «әжелерді» сүйіктілерімен айырылысқан сәтте немесе қоғамдағы өзгерістер туралы зерттеу жүргізуге қосымша ақпарат көзі ретінде де пайдаланады.

Бұл ерекше жоба Жапониядағы «отбасын жалға алу» сияқты қызметтердің кеңею үрдісіне де сай келеді. Елде туыстардың немесе достардың рөлін уақытша атқаратын адамдарды жалдау арқылы жалғыздық мәселесін жеңілдетуге сұраныс артып отыр.

Айта кетейік, «OK Obaachan» тек әйелдерге арналған. Себебі бұл қызметті ұйымдастырып отырған Client Partners өзін «тек әйелдерге арналған шебер қызметтер компаниясы» деп атайды. Олар басқа да «достарды» немесе «отбасын» жалға беру қызметтерін ұсынып, барлығын әйелдер арасынан іріктейді.

Дегенмен Жапонияда ер адамдарды да жалға алу қызметі бар. Бұған дейін Ossan Rental жобасы қолға алынған болатын. Қазір олардың сайтында да жасы үлкен аталардан бастап, орта жастағы ер адамдарға дейін түрлі «жалға алушылар» бар.

Осылайша, Жапонияның қызмет көрсету нарығы кімге қандай адам керек болса да, оны жалға алуға мүмкіндік жасап отыр. Әрине, мұның орнына жай ғана барып, жаңа таныстар табуға да болады. Бірақ «уақыт — ақша» дейтін қағида бұл елде ерекше мәнге ие.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!