KAZINFORM — Геохимиктер жасанды интеллект көмегімен Оңтүстік Африка мен Эсватини (Свазиленд) шекарасында қазылған 3,3 миллиард жылдық тау жыныстарында жердегі тіршіліктің ең көне іздері бар екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Вelta.
— Біз бұл талдау арқылы ежелгі өмірдің артында тек қазба қалдықтарын ғана емес, сонымен қатар химиялық іздерді анықтадық. Бұл ізді алғаш рет машиналық оқыту жүйесі арқылы тани алдық және оны дұрыс түсіндірдік, — деді Карнеги ғылым институтының аға ғылыми қызметкері Роберт Хейзен.
Ғалымдар мұндай қорытындыға геохимия, ЖИ және газ хроматографиясы әдістерін біріктіретін бірегей жүйені жасау кезінде келді.
Екі жыл бұрын ғалымдар қазбалар мен тірі жасушалардың құрамындағы бұл ерекшеліктерді геохимиялық деректердің үлкен көлеміне үйретілген жасанды интеллект жүйелері арқылы анықтауға болатынын анықтады. Мамандардың абиогендік тау жыныстарына, оның ішінде құрамында органикалық заттары бар үлгілерге жүргізген тәжірибелері жансыз заттардан тіршіліктің ізін 90% дәлдікпен таба алатынын көрсетті.
Осы тәсілді қолдана отырып, зерттеушілер 400 үлгіні, оның ішінде Жердің әртүрлі дәуірлерінде пайда болған тау жыныстарын, сондай-ақ қазіргі жануарлар мен өсімдіктердің сүйектері және дене тіндерін, әртүрлі қазбалар мен метеорит сынықтарын зерттеді. Бұл талдау жаңа әдістің жоғары дәлдігін көрсетіп, ғалымдарға өмірдің ең ежелгі химиялық іздерін, сондай-ақ алғашқы фотосинтездеуші организмдердің іздерін ашуға мүмкіндік берді.
Біріншісі Оңтүстік Африка мен Эсватини шекарасындағы Йозефсдал аймағында өндірілген 3,3 миллиард жылдық тау жыныстарының үлгілерінен табылды. Ал екіншісі Оңтүстік Африканың солтүстік мүйісіндегі Куруман қаласының маңында табылды. Мұнда тау жыныстары 2,5 миллиард жыл бұрын пайда болған.
— Бұрын геохимиктер 1,7 миллиард жыл бұрынғы тіршіліктің химиялық іздерін тапса, біз тапқан олжа ең көне, бұрынғы ізден екі есеге артық жыл бұрын өмір сүрген. Бұл ғалымдардың фотосинтездің қашан пайда болғаны туралы түсінігін айтарлықтай өзгертеді, — деп қорытындылады ғалымдар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
