2025 жылдың 1 қазанында Марокконың оңтүстік-батысындағы Агадир қаласының маңында жастардың жаппай наразылығы тәртіпсіздікке ұласып, салдарынан 3 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды және 400-ден астам адам қамалды, деп хабарлайды «Адырна«.
Ресми мәліметке сәйкес, жандармерия қызметкерлері қару-жарақты тартып алмақ болған бір топ адамға оқ атуға мәжбүр болған. Нәтижесінде үш адам қаза тауып, ондаған азамат пен қауіпсіздік қызметкерлері жараланған. Марокко Ішкі істер министрлігі жариялаған деректер бойынша, бір түннің ішінде 354 адам жараланып, олардың 326-сы – қауіпсіздік органдарының қызметкерлері.
Елдің 23 аймағындағы 271 қызметтік полиция көлігі, 175 жеке автокөлік, 80-ге жуық әкімшілік және коммерциялық ғимарат зақымданған.
Министрлік мәліметінше, тәртіпсіздікке қатысқандардың 70%-ы кәмелетке толмағандар, кейбір жағдайларда бұл көрсеткіш 100%-ға дейін жеткен. Қазіргі таңда 400-ден астам адам ұсталды. Кәмелетке толмағандарға қатысты процессуалдық бақылау жүргізіліп жатса, ересектердің басым бөлігі қамауға алынған.
Марокко Корольдігінде құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласқан наразылық шаралары бір аптадан бері жалғасып жатыр. Наразылық шаралары елдің ең ірі қалаларында, соның ішінде Рабат, Касабланка, Танжер, Марракеш және Агадирде өтіп жатыр. Жастар көліктерді өртеп, банктерге, дүкендерге, үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасап, полиция бекеттерін қиратты.
Наразылық толқынын TikTok, Instagram және Discord сияқты әлеуметтік медиа платформаларында пайда болған «GenZ 212» деп аталатын анонимді жастар тобы ұйымдастырды. Белсенділердің айтуынша, олардың талабы денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы реформаларға, сондай-ақ жемқорлықпен күреске қатысты.
«Бізде стадиондар бар, ауруханалар қайда?» – дейді демонстранттар 2026 жылғы Африка кубогы мен 2030 жылғы әлем чемпионатына дайындыққа миллиардтаған қаражат салатын билікке наразылық білдіріп.
ІІМ наразылық білдіру құқығы заң аясында сақталатынын, алайда құқықтық тәртіп күштері «азаматтар мен инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігіне төнетін қатерге жол бермейтінін» атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, наразылыққа денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігі, жастар арасындағы жұмыссыздық (ресми деректер бойынша 35%-ға дейін), әлеуметтік теңсіздік және әлеуметтік қызметтерге инвестиция салудың орнына спорттық жобаларға қаржы жұмсауға көңілі толмау сияқты факторлар әсер еткен.
Тәртіпсіздіктің ең күшті эпизодтары Сусс-Масса аймағының орталық қаласы Агадирде және оның маңындағы аудандарда тіркелді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!