Қазанда Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Айдың басында салқын, ортасында жылы күндер күтіледі. Ай соңында қыс ызғары қайта сезіліп, тұман, көктайғақ, боран мен екпінді жел болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, қыркүйектің соңында солтүстік-батыстан келген суық антициклон салдарынан басталған салқын ауа райы қазанның алғашқы күндерінде де сақталады. Көптеген өңірде түнде ауа температурасы –1…–6°С аязға дейін төмендеп, күндіз +2…+9°С жылы болады.
Қазанның алғашқы онкүндігінің ортасына қарай Орта Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массалары келіп, температура көтеріледі:
• Батыста: түнде +7…+12°С, күндіз +17…+25°С;
• Солтүстік пен шығыста: түнде +2…+8°С, күндіз +10…+18°С;
• Орталықта: түнде +2…+7°С, күндіз +15…+23°С;
• Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста: түнде +5…+12°С, күндіз +20…+28°С.
Алғашқы онкүндіктің соңында солтүстік-батыс өңірлерде сәл салқындау байқалады. Оңтүстікте және шығыста бұл суық толқын екінші онкүндіктің басында сезіледі.
Екінші онкүндікте ауа райы қайтадан жылып, еліміздің басым бөлігінде күндіз +13…+18°С, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста +22…+27°С болады.
Үшінші онкүндікте ауа райы қайтадан салқындайды. Кей күндері түнде температура –1…–6°С-қа дейін, ал солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде –7…–12°С-қа дейін төмендейді. Күндіз 0…+8°С шамасында болады. Оңтүстік өңірлерде түнгі температура –1…–6°С пен +3…+8°С аралығында ауытқып, күндіз +5…+13°С-тен +13…+20°С-қа дейін жетеді.
Осылайша, қазан айы салқын күндерден басталып, ортасында жылып, айдың соңында қыс ызғары қайта сезілмек.
Ай бойы құбылмалы ауа райы күтіледі: тұман, көктайғақ, екпінді жел, ал екінші жартысында солтүстік өңірлерде боран соғуы ықтимал.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!