Қазгидромет синоптиктері маусымға арналған ауа райы болжамын ұсынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Маусымда тұрақсыз ауа райы күтіледі – салқын және ыстық кезеңдер кезектесіп, жаңбыр жауады, кей жерлерде нөсер, найзағай, бұршақ және екпінді жел болуы мүмкін. Жекелеген күндері құмды дауыл да соғады.

Маусымның басында ауа райы қандай болады?

Елдің барлық өңірінде ауа температурасының жоғары фоны аясында жиі өткінші жаңбыр болжанады. Алайда кей кездері температураның төмендеуі де күтіледі.

Республиканың батысында маусымның бірінші жартысында түнгі ауа температурасы +17…+22-ден +7…+12-ге дейін, күндіз +27…+32-ден +20…+25-ке дейін төмендейді. Осы кезеңнің аяғына қарай күндізгі температура +25…+32-ге дейін жоғарылайды.

Солтүстік және орталық өңірлерде ыстықтың бәсеңдеуі бірінші онкүндіктің ортасына қарай күтіледі. Түнде температура +10…+15 аралығында өзгереді, еліміздің қиыр солтүстігінде түнде +7-ге дейін түседі, күндіз +25…+30-дан +18…+25-ке дейін төмендейді.

Республиканың шығысында бірінші кезеңнің көп бөлігінде түнгі температура +10…+15 шегінде, ал оңтүстікте – +20-ға дейін, күндіз +22…+30 болады. Оңтүстікте күндіз +35-ке дейін ыстық болады. Маусымның бірінші жартысының аяғына қарай, екінші онкүндіктің басында күн салқындай түседі.

Оңтүстік өңірлерде түнде де ыстық сақталады, температура +20…+28, күндіз +35…+43. Алайда айдың бірінші жартысының соңына қарай ауа температурасы сәл төмендеп, күндіз +28…+33 болады.

Республиканың оңтүстік-шығысында түнгі температура біртіндеп +10…+15-тен +15…+20-ға дейін, күндіз +20…+25-тен +30…+35-ке дейін жоғарылайды. Таулы аудандарда түнде +2…+7-ден +7…+12-ге дейін, күндіз +10…+15-тен +20…+25-ке дейін көтеріледі. Бірінші онкүндіктің екінші жартысында күндіз +25…+30 болады.

Маусымның екінші және үшінші онкүндігі

Маусымның екінші және үшінші бөліктерінде елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ең ыстық күндері ауа температурасы +33…+40-қа дейін көтеріледі. Қиыр оңтүстік-батыста және оңтүстікте термометр бағандары +43-ке дейін жетуі мүмкін. Салқындау күндері температура +22…+27-ге дейін төмендейді.

Елдің солтүстік бөлігінде, орталығы мен шығысында түнде ауа температурасы +15…+23-тен +2…+10-ға дейін, күндіз +25…+38-ден +15…+27-ге дейін өзгереді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!