«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша алдағы 2025 жылғы желтоқсан – 2026 жылғы ақпан, наурызға арналған ауа райының консультативтік болжамына арналған баспасөз брифингін өткізді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазгидромет» РМК алдын ала болжамы бойынша республиканың басым бөлігінде қыс мезгілі қоңыржай жылы болады, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстары, тұман, мол жауын-шашынның түсуі болжанады.

Қыс айларында ауа температурасының ауытқуы жиі байқалады, яғни «температуралық кұбылулар» болады, жылы күндер суық аязды толқындармен алмасады.

Жалпы, желтоқсан айы жылы, жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады.

Елдің басым бөлігінде, бұрқасын, дауылды жел, көктайғақ және тұман, оңтүстік циклондардың әсерінен кей күндерде аралас жауын-шашын, яғни ылғалды қар, жаңбыр болады.

Антициклонның әсерінен жекелеген кезеңдерде жауын-шашынның тоқтауы болжанады, яғни ашық аязды күндер орнығады.

Желтоқсандағы ең қарқынды суық толқын бірінші онкүндіктің соңында болады – елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы түнде 23-28 аязға, күндіз 13-18 аязға дейін төмендеуі мүмкін.

Екінші және үшінші онкүндіктерде түнде температуралық фон 15-20 аяздан 5-10 аязға дейін, күндіз 3 аяздан-2 жылыдан 5-10 аязға дейін, шығыста – кейбір күндері ауа температурасы түнде 25-35 аязға дейін, күндіз 15-20 аязға дейін төмендейді.

Батыста және елдің оңтүстік жартысында айдың басында температураның жоғарылайды. Күндіз 5-10 жылы, бірінші онкүндіктің соңында ауа температурасының түнде 12-17 аязға, күндіз 3-8 аязға дейін біртіндеп төмендеуі болжанады. Содан кейін ауа температурасының түнде 0-5 аяздан 7-12 аязға дейін ауытқиды, күндіз 0-8 жылы шамасында болады.

Қаңтар айында ауа температурасы

Республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында; республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады.

Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады.

2026 жылдың ақпан және наурыз айлары жылы болады, жауын-шашын мөлшері қалыпты, тек наурызда республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында)

«Қорытындылай келе, қатты жауын-шашынның түсуіне және қардың еру кезеңдерімен аязды ауа райының жиі өзгеруіне байланысты топырақта және қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болатынына ерекше назар аударамыз. Мұның бәрі 2026 жылғы су тасқыны кезеңінің өтуіне кері әсер етуі мүмкін», – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!