Сәлем, замандас!

Бүгін мен саған ең маңызды таңдау туралы айтқым келеді. Әрбіріміздің жүрегімізде үлкен арман, биік мақсат бар. Біз ғарышты бағындыруды, жаңа технологиялар ойлап табуды, өзімізді үздік салада көруді, бай-қуатты өмір сүруді армандаймыз. Бірақ сол армандарға жетелейтін жолды біз өзіміз таңдаймыз. Өмірге бастар жолдың есірткімен еш байланысы жоқ!

Есірткі – сенің арманыңды, болашағыңды, ең жақын жандарды бір сәтте жұлып әкететін қақпан. Ол бір сәттік рахат болып көрінгенімен, ол рахаттың артында өмір бойғы өкініш, азап пен өшу жатыр.

Бір талантты жас жігіттің оқиғасы есіме түседі. Ол домбырада шебер ойнайтын, әндері жүректі тебірентетін ерекше дарынды бала еді. Оның болашағы жарқын болатын. Бірақ нашар ортаның ықпалы оны есірткіге жетелеп әкетті. Бір сәттік қызығушылық оны торға түсірді. Дарынды жігіттің домбырасы үнсіз қалды. Оның армандарының күлі көкке ұшты. Бұл – оның ғана емес, оны сүйген отбасы мен достары үшін де ауыр соққы болды. Сен бұл қателікті қайталамауға тиіссің.

Мен өзімнің армандарымды ойлағанда, әрдайым таза өмірді таңдаймын. Маған жарқын болашақ керек, мен өзімнің күшімді пайдалы нәрселерге жұмсағым келеді. Сен да дәл солай жасай аласың. Сенің жүрегіңде де жарқыраған арман бар! Ол арманды ешнәрсеге айырбастама! Өмірде қиын сәттер туындауы мүмкін, бірақ оларды жеңуге әрдайым мүмкіндік бар. Спортпен шұғылдан, кітап оқы, музыка тыңда, өнер үйрен, достарыңмен пайдалы істер жаса. Мақсатқа ұмтылудың мыңдаған жолы бар, ал есірткі – бәрін құрдымға ала кететін қатер.

Есіңде болсын: сенің өмірің – тек сенің қолыңда. Есірткіге «жоқ» деп айт! Өзіңе, арманыңа, жақындарыңа адал бол. Тағдырыңды жарқын етіп құр.

Болашақ сенің қолыңда. Сен оны қандай жолмен құрасың – тек өзіңе байланысты. Сенің өмірің, сенің арман- қиялың, сенің күлімдеген жүзің, бәрінен қымбат!

Өмірді таңда!

Армандарыңа адал бол!

Нұрай БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
М.Горький атындағы
№16 мектеп-лицейдің
9-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!