Есірткі қолдану адам өміріне өте қауіпті. Есірткі адамның көңіл-күйіне әсер ететін, санасын билеп алатын, мінез-құлқын бұзатын қауіпті химиялық зат. Денсаулыққа зиянымен қатар есірткі қылмыс пен зорлық-зомбылыққа итермелейді, себебі нашақорлар өздеріне қажетті есірткіні алу үшін қылмыс жасауға дейін барады. Кейде тіпті өз отбасы мүшелерінен ақша талап етіп, қорқытып мазасын қашырады. Үйден құнды дүниелерді ұрлап сату, өтірік айту, қулыққа жиі бару сынды теріс әрекеттерге бара бастайды.

Әдетте өзіне дос таппаған, отбасы жылулығын сезінбеген жасөспірімдер теріс қылық жасайды. Есірткіні бір рет пайдаланған адамның оған шексіз байланып, басыбайлы құлына айналары анық екенін кеш түсінгенімен тәуелділіктен арыла алмай қалады. Есірткіден құтылуға ерік-жігерінің жетпей жататынын байқап жатамыз. Сондықтан қандай қиын жағдай туындаса да, есірткі пайдалану мәселені шешуге көмектеспейтінін, керісінше, тұңғиыққа тартатынын түсіну керек. Ғылым мен білімге ден қойған жастар ешқашан ессіз есірткінің арбауына түспейтінін білуіміз қажет.

Нашақорлық – адам өмірін жалмайтын індет. Тағдырын тас-талқан етіп, қасірет әкелетінін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, оған қарсы күрес жүргізуіміз керек. Есірткіден бойымызды аулақ ұстап, нашақорлықтың алдын алуға және жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысайық. Ол үшін бүкіл қоғам болып, есірткіге қарсы күресу керек. Есірткі адам өмірін қара түнекке айналдыратынын естен әсте шығармау керек. Сол себепті өзің үшін, саған жанашыр отбасың үшін жарқын болашақты, есірткісіз өмірді таңда!

Еркебұлан Асылбекұлы
№176 мектептің 7 «Ә» сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!