Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді. Бір бала көз жұмды, тағы 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
30 шілдеде Орталықта екі баланың денсаулығы күрт нашарлаған. Құсып, іштері өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.
«Дәрігерлер жедел шаралар қолданғанына қарамастан балалардың бірі қайтыс болды. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда жатыр. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.
Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы атқаратын қызметінен шеттетілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!