Қазақстандықтардың өмірінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді? BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.

Айлық есептік көрсеткіш өседі

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болды, енді 2025 жылдан бастап 3 932 теңге болады. Сәйкесінше, әлеуметтік төлемдер көлемі де, айыппұл көлемі де артады.

Ең төменгі жалақы қанша болады?

2025 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге, яғни 2024 жылдағыдай деңгейде қалады.

Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге (қазір 43 407 теңге) болады.

Зейнетақы қанша теңге болады?

Еңбек министрлігінің дерегінше, ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға озып индекстеледі.

2025 жылдан бастап:

– ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге (айлық минимумның 70 пайызы);

– ең жоғары сома – 50 851 теңге (айлық минимумның 110 пайызы).

Базалық және бірлескен төлемдерді ескере отырып, зейнетақының жалпы мөлшері:

– зейнетақының ең төменгі мөлшері – 95 131 теңге;

– зейнетақының ең жоғары мөлшері – 213 046 теңге;

Жәрдемақы өседі

Бала туған аналарға бір реттік мемлекеттік жәрдемақы беріледі:

– 1-3 баланың тууына бір реттік төлем 38 АЕК – 149 416 теңге;

– 4 және одан да көп балаға 63 АЕК – 247 716 теңге.

Ал бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын жәрдемақы беріледі.

Жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен мынадай жәрдемақы беріледі:

– бірінші балаға – 5,76 АЕК, ол 22 648,32 теңге;

– екінші балаға – 6,81 АЕК, ол 26 776,92 теңге;

– үшінші балаға – 7,85 АЕК, яғни 30 866,2 теңге;

– 4 және одан да көп балаға – 8,90 АЕК, яғни 34 994,8 теңге.

Айыппұлдар өседі

Елімізде 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК 3 932 теңге болады. Яғни бұл АЕК-пен есептелетін кез келген төлем, оның ішінде айыппұл, әлеуметтік төлемдер және т.б. көлемі де артады дегенді білдіреді.

– Рәміздерімізді қорласаңыз 11 796 000 теңге,

– кіреберісте не пәтеріңіздің есігінің алдына қоқыс салынған дорбаңызды қалдырсаңыз 78 640 теңге,

– кешкі сағат 10-нан кейін шулап, елдің тыныштығын алсаңыз 19 660 теңге,

– қоғамдық орында түкірсеңіз 19 660 теңге,

– көлікте отырып телефон пайдаланып не белбеу тақпасаңыз 19 660 теңге,

– құжатсыз көлік жүргізсеңіз 78 640 теңге,

– автобуста жолақы төлемесеңіз 7 864 теңге,

– кәмелетке толмаған балаңыз түнгі 10-нан кейін ойын-сауық мекемелерінде жүрсе, 11 796 теңге,

– жолды белгіленбеген жерден қиып өтсеңіз, 7 864 теңге,

– көлік жылдамдығын асырсаңыз, 19 660 теңгеден 117 960 теңгеге дейін,

– қоғамдық орында балағат сөз айтсаңыз, 78 640 теңге,

– мұғалімді не дәрігерді балағаттасаңыз, 39 320 теңге айыппұл арқалайсыз.

Оқушылар ІІІ тоқсанды бастайды

Оқушылардың қысқы каникулы 8 қаңтарда аяқталады. Сөйтіп 9 қаңтардан бастап балалар ІІІ тоқсанды бастайды.

Қаңтарда демалыс болады

2025 жылдың қаңтар айында қазақстандықтар Жаңа жылға орай 1, 2 және 3 қаңтарда демалады және 4 қаңтар, 5 қаңтар жұмыс күні.

Ал Рождество күніне орай 2025 жылдың 7 қаңтарында, сейсенбіде қосымша демалыс болады.

Жалақы өседі

ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Еске сала кетсек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға, 2024 жылғы қаңтардан бастап – 18%-ға, 2025 жылғы қаңтардан бастап – 17%-ға ұлғайтылады.

Бақылау күшейтіледі

2025 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда құрылыс саласындағы бюджеттік инвестициялық жобаларды бақылау күшейтіледі.

Қаржы министрлігіне қазынашылық бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша көптеген құрылыс шарттарын сүйемелдей алатындай өзгерістер енгізу тапсырылды.

25 қыркүйекте Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне түзетулер енгізілді. Оған сәйкес қазынашылық сүйемелдеу сметалық құны 1 млрд теңгеден басталатын шарттарға қатысты қолданылатын болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2 млрд теңгені құраған болатын.

Бұл өзгеріс 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Кім ротацияға ілінеді?

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін (бұдан әрі – АӘҚ) мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау жүргізілетін болады. Ротация бір елді мекен шегінде екі және одан да көп ұйым болған жағдайда жүзеге асырылады.

Қайта ұйымдастыруға (бірігуге, бөлуге, шығаруға, қайта құруға), ұйымның атауын өзгертуге, сондай-ақ жұмыстан босату және сол ұйымға басшы лауазымына оралу кезеңіне қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын 5 жылдан астам басқарып келе жатқан ұйымдардың басшылары үшін ротация міндетті болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!