Құралай Ошақбаева – қалың көпшілікке Іnstagram желісінде ақыл-кеңестерімен бөлісіп, қыз-келіншектер арасында түрлі семинар-тренингтерімен танылған психолог. Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында ел аралап өткізген семинарлардан қанша табыс тапқанын жасырмай айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Мен тапқан табысымды есептемеппін. Алғашқы 1-2 жыл мүлдем пайда көрмедім. Семинарда бірінші қатарда отыратын VIP-қонақтар үшін 30 мың, одан ары 20 мың, 10 мың теңге деп кете береді. Орташа чек 15 мың теңге. Республика сарайында 3 мың адамға бір-ақ рет семинар өткіздім. Одан ғимараттың шығынын есептей беріңіз. Онда мен деген әншілердің өзі концерт өткізе алмайды. Оның лэд-экранының өзі 5 миллион теңге тұрады. Семинардың ақшасы ғимараттың шығынын жапты. 2019 жылы бір жазда 7 қалаға бардым. Әр қаладан 10 миллион теңгеден таптым”, – дейді Құралай ханым. 

Белгілі психолог әрі коуч көпшіліктің сынына ұшырағанын да еске алды: “Мені “елді алдап, ақша тапты” деп айыптады. Бірақ менің шын ниетім, мен білгенді ел білсе екен дедім. Сосын Брайан Трейси, тәжігі, орысы, өзбегі, татары бар, осылардың сабағын қазаққа 100 мың болсын, миллион болсын сатып алып жатыр. Неге қазақтың Құралай соны шығып айтқан кезде, быт-шытын шығарып таптап, өлермен қылып тістеп, шашып тастаймыз? Қазақстанға кімдер келмей жатыр? Менің сабағым 5 мың теңге. Бірақ 200 мың теңге, миллион теңгеге сабақ өтіп жатқандарға ешкім үндемейді. Құралай 10 мың теңге тауып қалып еді, елдің есі шығып: “Құралай мыстан, будда” деді. Солай десе сондай шығармыз. Ондай-ондай ханның қызында да болып тұрады. Бірақ шүкір. Қанша адамды ажырасудан сақтап қалдық. Бір қыз мені YouTube-тен көріп қалып, айтқандарымды тыңдай берген. Өзінің айтуынша, ол Құралайдың арқасында жаман жолға түсіп кетуден аман қалған. Мен онлайн ене, нағашы әпке бола алдым”. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!