Бір сәт айналаға көз салыңыз. Жан жақтан көктемгі ауаны қақ жара будақтаған буды байқаймыз. Ал ол – қытымыр қыстағы мұржадан шыққан түтін емес, шай емес, қазан да емес. Бұл – жастардың өкпесінен шыққан вейптің түтіні. Иісі тәтті, өзі ащы. Дәмі мың құбылғанымен, салдары біреу. Құмарлық.
Электронды темекі, вейп, шылым… Қандай сәнді ат қойсақ та, бұл – никотиннің неғұрлым заманауи, неғұрлым тартымды, бірақ сол бұрынғыдай қауіпті түрі ғана. Бүгінгі жастардың құлағына алтын сырға емес, аузына вейп ілінеді. Ол да бизнес. Бірақ оның табысы денсаулықтың есебінен жиналады. Айдың-күннің аманында ата-ана баласына телефоннан бұрын вейптің иісін сезіп, үрейленетін күн туды.
ӨМІРДЕН БІР ҮЗІК…
Жастар мәселесін жиі жазып, түрлі тақырыпта қалам тербейтін «Ақмешіт жастары» ұжымы бұл мәселеге бірнеше рет тоқталды. Дегенмен газеттің осы санында да жазуды жөн көрдік. Себебі біз жүздескен кейіпкердің айтары көп. Өзін «Әділет» деп таныстыруды сұраған 21 жастағы қостанайлық жігіт қазір Астанадағы оқу орнында 4 курс оқиды. Сұхбат басында «Темекімен «таныстығым» 11-сыныпта басталды» деді ол.
– Құрдастарыма қарағанда «еркін» немесе «ер жеткен» болғым келді ме, әлде бір сәттік қызығушылық па, білмеймін. Бірақ сол кезде алғаш рет темекі тұтатқаныма еш мән бермедім. Жасым бар жоғы он алтыда еді. Әрине, басында қызық көрдім. Кейін ол дағдыға, әдетке, тіпті тәуелділікке айналды. Оны тек 1 жыл өткен соң байқадым. ҰБТ қарсаңында
жүйкем әбден жұқарып, күніне 6 тал темекі тартатын болдым, – дейді Әділет.
«Қызық, 16 жастағы баланың шылымның шырмауығына байланғанын ата-анасы байқамады ма, тым құрғанда иісін сезбеген бе?» деген сауал сананы мазалағанын кейіпкердің өзі сезді ме, бірден отбасы туралы айтып берді.
– Отбасымда 3 ұлмыз, мен ортаншы баламын. Сабағым, не киіп, қайда жүргенім ешкімді алаңдатпайтын. Себебі мен өзімен өзі жүретін бала едім. Мектепте де бұзықтығым болмайтын,
бір ізбен ғана жүретінмін. Тіпті сабағымды өте жақсы оқыдым. Тек жасөспірім шақта осы шылымды бастадым. Ал үйдегілер мұны білмейтін. Мұндайда білдірмеудің түрлі амалын табады екенсің. Онымен қоса ағам Алматыда оқитын, ал інім әлі кішкентай. Сондықтан менің
жүріс-тұрысымды қадағалайтын ешкім болмады. Әкем 15 күн қалада, 15 күн екінші жұмысында
Ақтауда жүретін. Ал анам азаннан кешке дейін жұмыста, есепші еді. Өзім қожа, өзім би болып жүрген кезім еді ғой…
ҰБТ аяқталды, әні-міні дегенше ЖОО-ға құжат тапсыру басталады. Бірақ бір күні демім жиілеп, жүрегім шаншып, өзімді ұстай алмай, құлап түстім. Есімді жисам, ауруханада екенмін. Сол күні бронхиттің бастапқы кезеңі деген диагноз қойылды. Ем қабылдау барысында шылым шегетінімді отбасым білді. Олар менің темекіні қоятыныма үміттенді, ұрысты, айқайлады, тіпті жылап та айтты. Ал сол сәтте денем мен санам бұл затқа қатты тәуелді бола бастаған еді. Тіпті ауырғанымды уайымдап, шылымды бұрынғыдан да жиі шеге бастадым, – деп бөлісті ол. Оқушы Әділет студент ретінде Астанаға қоныс аударды. Есейді. Қызықты студенттік өмірі басталды. Шылымды тастапты. Бірақ…
– Оқуға түскенде темекіні тастап, зияны азырақ шығар деп, электронды темекіге ауыстым. Алғашында жеңілдеу сияқты еді. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. Көп ұзамай вейпке көштім. Қазір ақшамның көбі соған кетеді. Айына санағанда бір студент үшін аз қаражат емес. Бірақ соны сатып алмасам, өзімді жайсыз сезінем. Басым ауырады, жүйкем жұқарады. Біртүрлі ашуға булығам. Шынымды айтсам, өзімді шегіп тұрып та жек көретін сәттер болады. Былтырғы заңға байланысты сатып алу қиындады. Жеке дүкендерде сатылмайды. Бірақ Telegram-дағы арнайы топтар мен жасырын дүкендерден 2-3 есе қымбатқа алып жүрмін. Бірақ мен секілділер оған да үйреніп кеткен.
Биыл қаңтарда басымнан бір жағдай өтті. Қысқы емтихан уақыты. Таңғы сағат үш шамасында оянып кеттім. Бөлменің ішін түтін басып кеткен. Қуаттауға қойған вейпім қызып, жарылуға шақ қалыпты. Құдай сақтап, өрт шыққан жоқ. Бірақ тоқтан алып жатқанда қолым күйді. Осы жағдайдан кейін қауіпсіздікті қадағалайтын болдым.
Ал денсаулығымда, әрине, өзгерістер бар. Өткен жылы қатты ауырып, толық тексеруден
өттім. Дәрігерлер түрлі диагноз қойды. Дәрідәрмектерді барынша қабылдап жүрмін. Бірақ басым өте қатты ауырады. Ал үйдегілер менің темекіден вейпке ауысқанымды білмейді, – деп қорытындылады Әділет.
Сұхбат барысындағы ең қорқыныштысы, кейіпкер вейптің зиян екенін де, заң тұрғысында дұрыс
емес екенін де біледі. Бірақ әдетінен арыла алмайды. Себебі тәуелді.
МАМАННАН ЖАУАП
– Темекі шегу жасөспірімдер арасында қалыптасатын бірінші тәуелділік. Бұл әдеттің қалыптасуы денсаулыққа ғана емес, психологиялық деңгейге де әсер ететіні сіз де білесіз. Жастардың көбі, оның ішінде ер балалар шылымды «Мен ер жеттім», «мен нағыз еркекпін» деп дәлелдеу үшін қолданады. Бірақ бұл әдетті жалғастыру тәуелділікке әкеп соғады. Ал жастар еліктеуге, әдет қалыптастыруға бейім. Сол үшін тәуелділік те тез қалыптасады. Электронды темекі мен вейп қолдануды тренд деп санайтындар да бар, – деді психолог Алина Иванова.
Қызықты дерек, оқиғасын айтқан Әділетпен байланысуға көмектескен адам да вейпер. Оның өзі де «Электронды темекінің зияны жоқ» деп мені көндіруге тырысып бақты. Расымен көпшілік арасында осындай түсінік кең тараған. Өкініштісі бұл мифті көбіне жастардың өзі емес, ересектер де құптайды.
О л а р д ы ң к ө б і в е й п темекіге қарағанда жеңіл балама деп есептейді. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, вейптің құрамындағы никотин мен ароматизаторлар тыныс алу жолдарына қатты әсер етіп, өкпенің құрылымын бұзады. Ең сорақысы вейп арқылы никотин қабылдау жасы кейінгі жылдары 10-11-ге дейін түсіп кеткен. Балалардың санасына «бу» деген ұғым «түтіннен жеңіл» болып енгенімен, миға сіңген никотиннің салмағы ауыр емес пе?!
Сондықтан темекі шегудің қауіпсіз түрі жоқ екенін ұмытпаған абзал. Пульмонолог Ерлан Мәмбетов те сән үшін шегетіндер туралы айтты.
– Темекіден вейпке, электронды темекіге ауысқандар және тек сән үшін пайдаланатындар бар. Ал олардың көбі электронды құрылғының зияны аз деп есептейді. темекі шегудің бастапқы кезеңі жиі бронхиттің белгілерімен көрінеді. Әсіресе, жасөспірімдерде.
Түтін м е н з и я н д ы химия лық заттар тыныс алу жолдарын тітір кен діреді, бұл қысқа мерзімде тыныс алу жүйесінің қабынуына әкелуі мүмкін. Темекі шеккенде ө к пенің қ а л п ы н а к е л у і баяулайды.
Ал электронды темекі мен вейп ө н і м д е р і де өкпеге зиян д ы әсер етеді. Мұнда тек никотин ғана емес, сол сияқты құрамындағы түрлі химиялық қосылыстар да қауіп төндіреді. Рак, жүрек пен өкпенің ауруларын тудыруы мүмкін. Вейпті көп пайдаланған сайын, сілекейдің бөлінуі күшейіп,
бронхта микробты қақырық жинала бастайды, –деді маман.
БІР КҮНДЕ 8000 ВЕЙП
Былтыр Алматыда 8000-нан астап вейп тәркіленді. Бір күнде. Күдіктілер тапсырысты қарапайым схема жүзінде, яғни, мессенджерлер арқылы онлайн қабылдап отырған. Әрі қарай сатып алушыға курьерлер арқылы жеткізген. Көлеңкелі бизнес иелері заңсыз тауарды көп қабатты үйлердің жертөлесі мен компьютерлік клубтарда сақтап, жасырын сатып келген. Тағы да Алматыда полицейлер 2 миллион теңгенің вейпін тәркіледі. Мұнан бөлек, Астанада тұрғын үй пәтерлерінің
бірінде вейп сатқан 28 жастағы тұрғын анықталған еді. Оның пәтер-қоймасынан 20 мыңнан астам вейп табылған. Интернет-дүкен штатында иесінен бөлек 10 адам: сатушылар, курьерлер, сұрыптаушылар, сатушы-дроппер, ревизор жұмыс істеген.
Биыл ұсталғандар туралы не білеміз? Екібастұздағы пәтерлердің бірінен полицейлер 2500-ге жуық электронды темекі тауып алды. Тыйым салынған заттарды заңсыз сатып,таратқаны үшін 20 жастағы жігіт ұсталды. Ал құрамында никотині бар вейп сұйықтарын сатқан елордалық сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігімен заңсыз кәсіпкерлік үшін 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Былтыр вейптерге тыйым салынды. Электронды темекі өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға тыйым салған заң күшіне енді. Вейптердің айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Маусымның 20-нан бастап күшіне енген заң бойынша электронды темекі өнімдерін сатқан адамға 700 мың теңгеден астам айыппұл салынады немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Заңда 50 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Тыйым салынған вейпті елге әкеліп, айналымға жібергендер 7 млн теңгеден астам айыппұл төлейді. Тауардың көлеміне қарай 1200 сағатқа жұмысқа жегіледі. Егер бұл әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, 5 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы кесіледі.
БІЗ АЛДАНДЫҚ
Вейперлердің арқасында жасырын дүкендермен сөйлестік. Электронды құрылғының тұтынушысы болып алдандық. Стратегия, құдды толық бір жоба секілді іске асады екен. Вейп сататын дүкеннің жарнамасы таргетке шығады, сол жерде сілтеме арқылы бірден Telegram чатқа кіресіз. Неге Telegram? Себебі ондағы деректің құпиялығы жоғары деңгейде сақталады. Білікті хакер болмасаңыз, ол жақтан қосымша ақпарат табу қиын-ақ. Сол үшін «ақылдылар» дәл осы әлеуметтік желіні қолданады.
Сілтемеге өттік, чатқа кірдік, «Сәлеметсіз бе, прайс жібересіз бе?» деп жаздық. Дәмі, көлемі мен никотин мөлшеріне байланысты ең арзаны 7 мың теңге екен. Егер күніне жиі қолданамын десеңіз 13 мыңдықты сатып алып, бір ай «дос» бола алады екенбіз. Әрі қарай қалай жұмыс істейді деп, 8 мың теңгенің дүниесін таңдадық. «Заттың жарты бағасын қазір, ал қалғанын вейп қолға тигенде аударасыз. Жеткізу бізден, бірақ бөлек төлейсіз» деп Kaspi картасының нөмерін лезде жіберді. 4 мың теңге аудардық, мекен жайды жаздық. Бұл 21.00 шамасы еді. Арада 1 сағат өтті. Қайтадан жаздық. 5 секунд ішінде «Бұл онлайн дүкен емес. Сіз алдандыңыз, ешқандай вейп та, ақшаңыз да жоқ!» деген хабарлама келді. Телефон экранына телміріп, хабарламаны қайта-қайта оқып тұрғанда, чат өшті де қалды. Ал мұндайда оларды таба да алмайсыз. Себебі жоғарыда айтқандай, Telegram-да дерек табу қиын. Екіншіден, бізде дәлел жоқ. Ал үшіншіден, заңды олар да біледі. Ал заң бойынша сатып алушы да айыпталады. Міне, басымның ауырғанын басу үшін шегемін дегендерді алдап жатқандар да бар екен.
«ШАРУАЛАРЫҢЫЗ БОЛМАСЫН!»
Мамандар да электронды құрылғылардың сәндік үшін жиі қолданылатынын бірнеше рет айтты. Егер 15 жастағы бүгінгі бала электронды темекіні «шаршағанын басу» үшін қолданса, 25 жасында не істейтіні беймәлім. Қазір біз вейппен күресіп жатқан жоқпыз. Біз жастардың ертеңгі өмірі үшін күресіп жатырмыз. Дегенмен мынандай да пікір естідік. «Неге елдің болашағын вейппен, шылыммен байланыстырасыздар? Шылым шегетін жастар әлсіз емес, тәуелді емес. Бұл – тек біздің қызығушылық. Сол үшін біздің таңдауға тиісе бермей, сыйлауларыңызды сұраймын. Вейпер болу күнә емес. Ал денсаулықтың нашарлауы ол біздің мәселе. Бізде шаруаларыңыз болмасын!»
Тынысымыздың құнын 13 мыңға бағалап, буға тұншыққан болашаққа жол салып жатқан жоқпыз ба? Тәтті түтіннің тұзағына түсіп, вейп шегіп жүргенде, өмірдің шегіне жетпесек болғаны. Өкініштің дәмі темекіден де ащы екенін ұмытпаңыз!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!