ҚР Заңдары мен кодекстеріне халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңілдік беретін нормалар енгізіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мәжілісте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымға шығарылды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 4 кодексі және 16 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Атап айтқанда заң жобасы әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынаста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқа» мен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектердің тегін жол жүру құқығын көздейді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлей алады», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Министрлік келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда 65 мыңнан астам «Алтын алқа», 137 мыңнан астам «Күміс алқа», 15 мыңнан астам «Батыр ана» иегерлері бар.

І топта – 69 444, ІІ топта – 280 965 және ІІІ топта – 264 934 мүгедектігі бар адам тіркелген.

7 жасқа дейінгі балалар саны 2 миллионнан асса, 7-15 жас аралығындағы 2,7 млн бала және 16-18 жастағы 724 мың жас бар.

Айта кетейік, елімізде 14 жасқа дейін балалар жолақының 50 пайызын төлейтін, ал Нұр-Сұлтанда 18 жасқа дейінгі бүкіл жеткіншекке жолақы тегін.

Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда тегіс мақұлдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!