Келесі жылы 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге Президенттің арнайы әдеби сыйлығы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде жас қаламгерлер легін қалыптастырып, оларға тиісті қолдау білдіру, әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеуіне мүмкіндік туғызу мақсатында 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Орталық коммуникациялар қызметінде.

Спикердің айтуынша, әр номинация жеңімпазына 4 млн теңге жүлде беріледі.

«Президенттің арнайы әдеби сыйлығы екі жылда бір рет өткізіледі. Оның «Абай» атындағы мемлекеттік сыйлықпен қатар өтпеуі үшін кезектесіп ұйымдастырылады», – деді Қ. Бораш.

Одан бөлек, Қуат Бораш әдебиетті қолдау саласындағы жобалар туралы баяндады.

«Биыл жаңа «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы іске қосылды, оның аясында жас авторлардың кітаптары 3 мың дана таралыммен басып шығарылады. Сонымен қатар, авторлар мен баспаларды қолдау мақсатында кітап жәрмеңкелері өткізіледі. Мысалы, 28-30 мамыр аралығында «Алматы кітап жәрмеңкесі» өткізілді. Жәрмеңкеге әкелінген 14 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы сатылған. Сондай-ақ, министрлік осы жылдың 23-25 қарашасында «Ұлы Жібек жолымен» X Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр», – деді Қ. Бораш.

Еске сала кетейік, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы байқауына шығармалар әлі де қабылданып жатыр. Өтінімді aiboz@kitap-palatasy.kz электронды мекенжайына 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін жіберуге болады. Жеңімпазға 5 миллион теңге жүлде беріледі.

Байқаудың толық ережесі мен тұжырымдамасы http://kitap-palatasy.kz сайтында жазылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!