KAZINFORM – 2025 жылы қазақстандықтар әртүрлі ұлттық, мемлекеттік мерекелер мен мерейтойларды атап өтеді. Бұл жыл тек қазақстандық емес, халықаралық маңызы бар мерейтойлық даталар мен оқиғаларға толы болмақ.

Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толады

1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалады. Осылайша, XV ғасырдағы бұл тарихи оқиға кейінгі жүзжылдықтарда қазақ халқының бірігіп, нығаюына, ұлттың қоныстану аумағының тұтастығына, сан ғасырлық мәдениетінің гүлденуіне жол ашты. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде айтылады.

Шоқан Уәлиханов М.Х. Дулати еңбегін зерделей оқып, құрметпен қараса, В.В. Вельяминов-Зернов оның қазақтар туралы деректеріне қатты мән бере келе: «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының барлығы дерлік жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен ерекшеленеді», – деп бағалаған.

Қазақ хандығы тарих сахнасында талай тар жол, тайғақ кешулерге толы жылдар мен ғасырларды бастан өткерді. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы ұғымдары ел аузында қалды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, ұлт-азаттық көтерілістер, XX ғасыр басындағы ашаршылық, сталиндік террор, Ұлы Отан соғысы да зардабын тигізді. Ал 1991 жылы әлем картасында Қазақстан Республикасы пайда болды.

Әрине, тарихымыздың бастауы Қазақ хандығынан да тереңде жатыр. Дегенмен, Қазақ хандығының орнауы мен қазақ мемлекеттілігінің құрылуы маңыздылығы бойынша ұлт тарихының ең негізгі кезеңдерінің бірі саналады.

KAZINFORM агенттігіне – 105 жыл

2025 жылы 13 тамызда еліміздегі ең көне медиа ресурстардың бірі – Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толады. Агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде беделін мүлтіксіз сақтап келеді.

Алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы Орынбор қаласында РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде ашылған еді. 1925 жылы агенттіктің аты ҚазРОСТ болып өзгерді. Ал 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Алпыс жылдан кейін 1997 жылғы 10 қыркүйекте «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны құрылды. 2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болды. Агенттік 2022 жылы ҚР Президентінің телерадиокешенінің құрамына қосылды.

Kazinform жаңалықтары қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде таратылады. Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымыз үшін жаңалықтар латын графикасында және төте жазумен беріледі.

Агенттік кеңсесі Астанада орналасқан және еліміздің барлық өңірінде меншікті тілшілері жұмыс істейді. Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Иорданияда меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Kazinform агенттігінің бірқатар елде 33 ақпараттық серіктесі бар.

Қазақстан Конституциясына – 30 жыл

Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпы Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен саясаткерлердің қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.

Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.

Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.

«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.

Ұлы Жеңіске 80 жыл

2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы (1941–1945) Жеңіске 80 жыл толады. Осыған байланысты ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды.

Сұрапыл соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылды. Қанды қырғын бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмады. Ал қазақ жерінен майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы қайта оралмады. Елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И. Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды.

Қазақстанның табиғи байлығы сол кездегі Қызыл армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстан әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етсе, Орал-Ембі мұнайлы аудандары сұйық отын шығаруды арттырды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады.

Биыл РФ президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды. Қазақстан Президенті Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспары бекітуді ұсынды.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстанда бұл мерейтойға арналған іс-шаралар 2025 жылдың қаңтарынан басталады.

Сондай-ақ, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанда әскери «Айбын» ордендерінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызға айналған батырларының есімдері берілді.

Байқоңыр айлағына 70 жыл

Биыл әлемдегі тұңғыш және ең ірі ғарыш айлағы Байқоңырдың ашылғанына 70 жыл толады. «Байқоңыр» ғарыш айлағы 1955 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысында ғылыми-зерттеу сынақ полигоны ретінде құрылды және 1957 жылы пайдалануға берілді. Сол жылдың 4 қазанында осы жерден Жердің тұңғыш жасанды серігі ұшырылып, 1961 жылы 12 сәуірде ғарышқа тұңғыш адам – Юрий Гагарин ұшты. Бұл күн тек посткеңестік республикалар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Адамзат ғарышты армандап қана қоймай, ғылыми-техникалық прогреске, жұлдыздар мен беймәлім әлемге қадам басты.

Байқоңыр ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Осы жерден Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары және Халықаралық ғарыш станциясының модульдері жіберілді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған соң Байқоңыр ғарыш айлағының мәртебесі туралы мәселелер көтерілді. 1994 жылы ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы келісім жасалды. Бұл келісімге сәйкес, Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін пайдалануға құқылы. Бүгінде Байқоңыр ғарыш айлағы халықаралық ғарыштық бағдарламалардың маңызды орталығы болып қала береді.

Қазақстандағы ғарыш зерттеулері қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ұшуымен тікелей байланысты. Ол 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті және Т. Әубәкіров өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Сонымен бірге, 2015 жылдың қыркүйек айында қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған тұңғыш ғарышкер-ұшқыш.

Қазақстан халқы ассамблеясына – 30 жыл

1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады және Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл ұйым 1995 жылы еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау мен нығайту мақсатында құрылған еді.

Алғашында оның мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Дегенмен, ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.

Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен Медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді.

Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.

Халықаралық іс-шаралар

Қазақстан 2025 жылы Жапонияның Осака қаласында өтетін EXPO көрмесіне қатысады. Көрменің жалпы ауданы – шамамен 155 гектар және Осакадағы Юмешима жасанды аралында өтеді. «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы көрмеде Қазақстан павильоны «Өмірді құтқару» кластерінде орналасады.

Қазақстан павильоны Италия, Нидерланд, Сингапур және Болгария павильондарымен көрші болады. Жалпы көрме 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтеді деп жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, көрмеге әлемнің 150 елінен 28 миллионнан астам адам келеді.

2025 жылы Қазақстанда «Орталық Азия – Қытай» саммиті ұйымдастырылады. Бұл шешім 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында өткен алғашқы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде қабылданды.

Ал Қытайда келер жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізіледі. Биыл Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай Халық Республикасы 2024-2025 жылдары ШЫҰ-ға төрағалық ететіні жарияланды және Қытайдың Циндао қаласы ШЫҰ мәдени астанасы болып жарияланды.

Сондай-ақ, 2025 жылы Әлемдік кітапханалар және ақпарат конгресі Астанада өтеді. Бұл шешімді Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясы (IFLA) қабылдаған. WLIC конгресінің Орталық Азия аумағында алғаш рет өткізілуі өңірдің халықаралық кітапхана аренасындағы деңгейі мен MICE туризмнің өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Тұлғалар мерейтойы

2025 жылы Қазақстанда бірқатар ұлы тұлғалардың мерейтойлары кеңінен атап өтіледі. Ең алдымен қазақтың бас ақыны, ағартушы, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. 2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысымен «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылған болатын. Бұл күні Абай шығармашылығы мен мұрасын насихаттайтын түрлі мәдени және ғылыми іс-шаралар өтеді.

Одан бөлек, қазақтан шыққан ғалым, тарихшы, этнограф, фольклорист, ағартушы Шоқан Уәлихановтың (1835-1865) туғанына 190 жыл толмақ. Биыл Президент Жетісу облысында жұмыс сапарында арнайы Шоқан Уәлихановтың бейітіне зиярат етті.

2025 жылы 25 қарашада қазақ ақыны, жазушысы, «Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысының мүшесі Міржақып Дулатовтың (1885-1935) туғанына 140 жыл толады.

Сонымен бірге, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тлендиев (1925-1998) пен балалар жазушысы, ақын және сценарист Бердібек Соқпақбаевтың (1924-1991) 100 жылдық мерейтойлары өтеді.

Вальс королі, Қазақстанның Мемлекеттік гимнінің әнін жазған Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992) туғанына 95 жыл толады. Биыл суретші-график, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Евгений Сидоркин (1930-1982) мен жазушы Әнуар Әлімжановтың (1930-1993) да 95 жылдық мерейтойлары.

Көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің (1935-2011) туғанына 90 жыл толады. Ол да Қазақстан Республикасының алғашқы әнұранының авторларының бірі болды.

Ал ақпан айында Ұлттық баспасөз күнімен қатар Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин (1940) 85 жасқа толады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!