Қызылорда облысында құны 215 млрд теңгеден асатын жылу-электр орталығы салынады. Бұл жоба өңірде электр тапшылығын жою үшін қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Былтырдың өзінде біздегі шыны зауыты жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын 32 мың тоннадан астам өнімін шығарып, ішкі нарықты шынымен қамтамасыз ете бастады. Ал, биылғы 4 айда 3,5 млн текше метр шыны өндірілді. Бүгінде зауыт өнімі республика өңірлеріне сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей мемлекеттеріне экспортталуда. Қазір шыны зауытының жанынан құны 32 млрд 800 млн теңге болатын 3 ілеспе кәсіпорын құру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жаңа кәсіп түрін ғана емес, жаңа жұмыс көзін ашуға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, әкім «Шалқия» кен орны қалай игерілетінін баяндады. Кеніштегі тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталмақ.
Бүгінде Еуропа қайта құру және даму банкінің платформасында тендер өтіп жатыр.
«Орталықтандырылған жылу мәселесін шешу үшін «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қуаты 240 мегаваттық жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы ел игілігіне табысталады. Бұл орталық іске қосылғанда облыс электр энергиясын сырттан сатып алмайды. Өндірілген энергияның бір бөлігін аймақтан тыс жерге сатуға мүмкіндік туады. Осылайша, өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға беріліп, тозығы жеткен электр желілері жаңартылып, электр қуаты тапшылығы жойылмақ», – деді облыс әкімі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!