29 қазанда Қазақстанда мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2023 жылғы 29 қазанға бос орындарды ескере отырып, республиканың 11 өңірінде – Абай, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 21 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау тағайындады.

Барлығы 2 облыстық, 7 қалалық және 12 аудандық мәслихат депутаттары сайланатын болады.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес мәслихат депутаттығына бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтар ұсынады.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс.

Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкім бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар, сондай-ақ сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамдар сайлану құқығына ие бола алмайды.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну 30 тамыздан бастап 28 қыркүйек сағат 8:00 дейін өтеді. Кандидаттарды тіркеу 3 қазанда сағат 18:00 аяқталады.

Округтік сайлау комиссиялары бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлауын ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!