Адырна. 31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қайғылы күндердің бірі. Бұл – ХХ ғасырдың басында елімізде орын алған жаппай саяси қуғын-сүргін мен миллиондаған адамның өмірін жалмаған ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
1930-1950 жылдар аралығында Кеңестік билік тарапынан жүргізілген саяси қуғын-сүргін Қазақстанды бір үлкен түрмеге айналдырды. АЛЖИР, Карлаг, Степлаг сынды ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерьлері дәл осы қазақ даласында орналасып, оған 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Оның ішінде 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Қазақ ұлтының ұлы тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа да зиялылар осы зұлмат жылдардың жазықсыз құрбаны болды.
Сонымен қатар бұл кезеңде ашаршылық нәубеті де талай отбасының түтінін өшіріп, халық санын күрт кемітті. 1930-жылдардағы ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру саясаты қазақ халқы үшін орны толмас трагедияға айналды.
1997 жылы 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып ресми түрде бекітілді. Бұған дейін, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданып, әділетсіз жазаланған азаматтардың есімі ақтала бастады.
Алайда Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Ақсай қалаларының әкімдіктері 31 мамырда жоспарланған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары аясындағы бейбіт шерулерге рұқсат бермеген. Қарағандыда шеру өткізуге тыйым салудың ресми себебі ретінде басқа да мәдени, спорттық және құрылыс-монтаж жұмыстары көрсетілді.
Ал Алматы мен Ақсайда әкімдік өтініштерді себепсіз кері қайтарды, Ақтөбеде абаттандыру жұмыстары негізге алынғаны айтылған.
Бұл жағдайға ұқсас шектеулер Астана, Өскемен, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Орал және Семей қалаларында да орын алған. Кейбір әкімдіктер ешқандай түсініктеме бермей, өтініштерді кері қайтарған. Қаупі бар азаматтарға әкімшілік жауапкершілік пен 15 тәулікке дейін қамауға алу ескертілген.
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шеруді ұйымдастырған белсендінің ісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алған. Бұл әрекетті сот «бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» деп бағалаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!