Б.Байсейітов «Iri building» ЖШС қызметін тікелей басқарған және объекті құрылысынан түсіп келген ақшалай қаражатты бөліп отырған.
Мемлекетке 320 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген Қайрат Сатыбалдыұлының туысы Бахтияр Байсейітовке іздеу жарияланды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы) және «Iri building» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты 2019-2021 жылдар кезеңінде Қаратау кенішінде (Түркістан облысының Созақ ауданы) қызмет көрсету кезінде ақша қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.
Тергеу барысында Б.Байсейітов Қ. Сатыбалдыұлымен туыстық байланыста болуын қолдана отырып бақылауындағы компания «Iri building» ЖШС мүддесін лоббилендіріп келгені анықталды. Аталған кәсіпорын мен квазимемлекеттік сектор субъектісі «Қаратау» ЖШС арасында 2019 жылы «Қаратау» кеніші бойынша 6,2 млрд теңге сомасына құрылыс жұмыстарына шарт жасалған.
Б.Байсейітов «Iri building» ЖШС қызметін тікелей басқарған және объекті құрылысынан түсіп келген ақшалай қаражатты бөліп отырған. Бұл ретте жабдықтың бір бөлігі жеткізілмеген, ал оған арналған қаражат заңсыз шығарылып, ұрланған.
Мемлекетке келтірілген залал 320 млн теңгеден асты», – делінген баспасөз хабарламасында.
Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта Б. Байсейітов Қазақстаннан тыс жерде.
«Оның заңсыз әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сараланып отыр, оған іздеу жарияланды.
Аталған тұлғаның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Оның ықтимал орналасқан жері туралы ақпараты бар азаматтардан агенттіктің көрсетілген телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз: Call-орталық 1424, +7 (7172) 909 260. Ақпарат бергені үшін сыйақы қарастырылған. Құпиялылыққа кепілдік беріледі!», – деді агенттіктен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!