Ел аумағында алдағы жексенбі күні күрт ыстық пен найзағайлы жауын-шашын күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауа райы күрт құбылады
13 шілде, жексенбі күні Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, батысында, орталығында және оңтүстік-шығыс таулы өңірлерінде ауа райы құбылмалы болады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі.
«Шығыста нөсер жауын жауады. Елдің солтүстігі мен шығысында – бұршақ, ал батыс пен шығыста – дауылды жел соғады», – деп нақтылады «Қазгидромет» синоптиктері.
Еліміздің батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық болады
Антициклон әсерінен Қазақстанның қалған бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда кейбір өңірлерде күн қатты ысиды.
+35°…+39° дейінгі ыстық мына облыстарда күтіледі:
- Батыс Қазақстан облысы
- Атырау облысы
- Ақтөбе облысы
- Жетісу облысы
- Ұлытау облысының оңтүстігі
+40° дейінгі аптап Түркістан және Қызылорда облыстарында болады.
Ең қатты ыстық қайда күтіледі?
Синоптиктердің болжамынша, аптап шегіне жететін өңірлер:
- Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігі
- Маңғыстау облысының оңтүстігі
Бұл аймақтарда ауа температурасы +43° градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Қауіпсіздік шаралары
Құтқарушылар мен дәрігерлер аптап ыстық кезінде:
- ашық күн астында ұзақ болмауға;
- көп мөлшерде су ішуге;
- жеңіл, ашық түсті киім киюге;
- денсаулықты бақылап, қажет болса дәрігерге жүгінуге кеңес береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!