Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов тұтынушылық кредитке байланысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жақында мемлекет басшысы елдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жөніндегі отырыста халыққа берілетін тұтынушылық кредиттің көлемінің ұлғайып бара жатқанын атап өтті. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұтынушылық несеие алған адамдардың саны елімізде 6 миллион 900 мыңға жетіпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда аталмыш көрсеткіш 25,3 пайызға ұлғайған. Енді, міне, 7 триллион 700 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл халықтың мұқтаждығынан туындады. Несиенің өзі 56 пайыз жылдық мөлшермен беріліп жатыр, -дейді Нұртай Сабильянов.
Ол төменгі палатаға келген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымовадан болашақта осы тұтынушылық кредиттің көлемін азайтып, ол қаражатты нақты экномикаға жіберу үшін қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.
Аталған мәселе бойынша Әбілқасымова тұтынушылық кредиттің тым өсуін шектеу үшін бүгінгі таңда шаралар қабылданып жатқанын, соның ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту керек екенін айтты.
Біз былтыр банктер мен микроқаржы ұйымдарының капиталдарына талаптарды күшейттік. Банктер бойынша тәуекел саралау коэффиценті 150 пайыздан 100 пайызға дейін өссе, микроқаржы бойынша капиталға қойылатын талап 5 есеге ұлғайды.Одан басқа проблемалық кредиттердің өсуіне жол бермеу үшін микроқаржы ұйымдарында оның үлесі 20 пайыздан аспауы керек. Ал асқан жағайда лицензиясын қайтарып аламыз, – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!