«Калькасыз қазақ тілі» Telegram каналының авторы, филолог Назгүл Қожабек өзінің Facebook-тегі парақшасында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке мектеп оқулықтарына қатысты өтінішін жеткізді.
«Асхат Қанатұлы, қазіргі қолда бар мектеп оқулықтарының 85 пайызын өртеп жіберіп, жаңадан жазу керек екенін және жаңа оқулық шығару ісіне осы уақытқа дейін оқулық басуға қатысы болған кісілердің бір де біреуін жолатуға болмайтынын өзіңіз де біліп жүрсіз ғой. Алда-жалда осы шаруаны қолға ала қалсаңыз, бұл сіздің еріккеннен істеп отырғаныңыз емес, шын мәнінде жағдай соны талап етіп тұрғанын, қоғамның талабы сол екенін өзгелер көрсін деп біз осындай посттар жаза берейік.
Иә, айтпақшы, оқулық шығарам деп, Ресейдің сайттарынан өтірік ақпаратты өтірік аударып берген оңбағандардың сіңіріп кеткен әр теңгесі көзінен қанды жас болып аққанын көрсем деймін, – дейді филолог.
Оның айтуынша, президент осы мәселені өзі қадағалап, әлгі оқулық авторларын шетінен жазалауға тиіс. Осылайша жаңа Қазақстан үшін жаңа, сапалы оқулықтар жасатса, онысы ердің ісі болар еді деген сенімде.
«Шаханов марапатсыз да Шаханов болған, ал жаман оқулық – ел келешегінің тамырына түскен құрт. Мен мектеп оқулықтары қалай жасалатынын іштен көргем. Қанды жас ақша жымқырғандардың емес, менің көзімнен аққан», – дейді Назгүл Қожабек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!