Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алуға арналған «Ұлт әдебиетінің абызы» атты кеш өтті.Қаламы теңіз толғаған қайсар қаламгерді еске алуға арналған кешке облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева, Ғалым Әмреев, руханият саласының белді өкілдері Елубай Смағұл, Мырзан Кенжебай, ақын Шөмішбай Сариевтің жұбайы Жұмакүл Қазиқызы, белгілі кинорежиссёр Рүстем Әбдірашев, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ұлы Кәрім мен қызы Шұға Нұрпейісовтер және туған-туыстары қатысты.

Еске алу кешінде Ә.Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы «Қайран Әбе, қардарым» атты бейнесюжет көрсетілді. Жиылған қауым «Мен теңіздің ұлымын» театрландырылған композициясына тәнтті болды. Ал, театр әртістері «Теңіздей терең жан сырым» атты фантасмогориялық рухнама оқып, ақынның «Соңғы парыз», «Қан мен тер» шығармасынан үзінді көрсетті.Рухани кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев пен жас ақын Айдар Сайлауов арнау оқып, күллі әлемге қазақ сөз өнерінің салтанатын кемел тұрғыда көрсете білген Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алды.

Айта кетейік, әлем әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еске алу шарасы екі күнге жалғасады. Ертең жазушының шығармашылығына арналған республикалық ғылыми конференция өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!