2012 жылы алғаш рет «Әділет органдарының күні» аталып өтті. Латын тілінен аударғанда «юстиция» сөзі «әділдік, заңдылық» деген мағынаны білдіреді. Әділет органдары – ол Әділет министрлігінің барлық мекемелері мен ведомстволарының жиынтық атауы.
Неге 30 қыркүйек күніне қойылды деген сұрақтың тарихына көз жүгіртсек, бұл күн кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. 1919 жылдың 30 қыркүйек күні Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық комитет әділет бөлімін құру туралы қаулы қабылдайды. Кейіннен әділет бөлімі Әділет Халық комиссариаты болып атын ауыстырды. 1946-1949 жылдары Қазақ КСР атқару билігі органдары қайта ұйымдастырылып, нәтижесінде 21 кеңестік-республикалық министрліктер, оның ішінде Қазақ КСР-нің Әділет министрлігі құрылды. Осылайша біз әділет органдарының 101-ші жылдығын атап отырмыз.
Әділет органдарының құқықтық мәртебесі мен қызметінің негізін анықтайтын нормативтік құқықтық актісі – 2002 жылдың 18 наурызында қабылданған «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады. Қазіргі таңда ҚР әділет органдары өз құзыреті шеңберінде мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, лауазымдық тұлғалар мен азаматтардың заңдылық тәртібін қолдайтын, ҚР азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ететін атқарушы биліктің органдары қатарында.
Қазақстанның әділет органдары ұлттық заңнаманы қалыптастыруға қатысады, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау аясында мемлекеттік саясатты, сараптамалық-сот қызметін, сот актілерінің орындалуын жүзеге асырады, сонымен қатар барлық деңгейлердегі нормативтік құқықтық актілерді, коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларын мемлекеттік тіркеуге алады, коммерциялық ұйымдардың заңды тұлғаларын тіркеу және жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу аясында әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Баршаңызды Әділет органдары күні мерекесімен құттықтаймын, Қазақстанның дамуы жолындағы жасап жатқан еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.
Сабит ИБРАЕВ,
Жаңақорған ауданаралық әділет басқармасының басшысының м.а.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!