Елімізде «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым пайда болады. Толығырақ Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет өз кезегінде әйелдерді әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Ана мен баланы қорғау, кәсіпкер әйелдерді қолдау, көп балалы аналарға, бала асырап алған отбасыларға көмек көрсету, әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, қарияларға қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді», – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министр жыл басынан бері бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімінің 1 жылдан 1,5 жылға ұзарғанын айтты.

«Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі. Бұл мәртебе көп балалы аналарды құрметтеп, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында «Күміс алқамен», «Алтын алқамен» марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі. Марапатталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері сараланып, ұлғайтылады», – дейді ол.

Оның айтуынша, шамамен 90 мың ана жоғарыда аталған игілікке ие болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!