Жыл басынан бері республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы болып еңбек еткен Айдар Сайлауов жаңа қызметке тағайындалды. Қалың оқырманға талантты ақын, дарынды журналист ретінде танылған Айдар Әділжанұлы Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметін атқарады.

Басылымның бас сарапшысы ретінде ол мағыналы мақала, сапалы сараптама мен эксклюзив материалдардың жарыққа шығуына ықпал етті. Газеттің де бет-бейнесі ерекшеленіп, жаңа дизайны қалыптасып, тақырыбы түрлене түсті. Өнегелі ойды өлеңге сыйғызып, поэзия әлемінен өзіндік орын алған Айдар Әділжанұлы осылайша журналистика саласында да мықты маман, білікті менеджер екенін таныта білді.

Ол еңбек жолын республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналынан бастап, жауапты хатшысы лауазымына дейін жоғарылап, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты «Сыр бойы» газетінің тілшісі қызметін атқарды. Сондай-ақ республикалық, аймақтық байқаулар мен мүшәйралардың жеңімпазы. Өзі дүниеге келген Арал өңірінде қызмет етуге аттанған әріптесімізге толағай табыс пен абырой тілейміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!