Нұр-Сұлтан қаласында 6 ай бұрын әскери борышын өтеп жүрген сарбаз көз жұмған. Оның неден қайтыс болғаны белгісіз. Себебі, марқұмның ата-анасы әлі күнге дейін ұлдарының неден көз жұмғаны туралы сараптама қорытындысын ала алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

«Қазақстанның барлық облыстарынан келеді. Солардың сараптамасын көруіміз керек деді. Мейлі дедім. Ол да шықты. Әділет министрлігі мен денсаулық министрілігінен шығады деді. Ол да шықты. Енді тәуелсіз сарапшы керек дейді. Содан кейін шығу керек деп отыр. Жалпы қалай қайтыс болғаны туралы ештеңе айтқан емес», – дейді марқұм Бобир Сариевтің әкесі Халмат Сариев. Шымкенттік Бобир Сариев әскери госпитальда көз жұмған. Баласынан аяқ астында айрылып қалған ата-ана әлі есін жия алмай отыр. Әкесінің сөзінше, мәйітхана ғана бір парақ қағаз ұстатқан.  Онда ұлдарының мойын-жақ қабынуы белгілерімен ауруханаға жатқызылғандығы, содан кейін қайтыс болғаны жазылған.

«Ол құжат ештеңеге жарамайды. Маған бұдан басқа қағаз берген емес», – дейді Халмат Сариев. Заң өкілі Жандос Тұяқов «сараптама нәтижесін 6 ай күту-өте ұзақ» мерізім деген пікірде. Оның айтуынша, тиісті құжат кем дегенде 40 күннен соң берілуі керек. Телеарнаның мәліметінше, алты ай бұрын көз жұмған сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар тергеуші анықтаманың кешігуінің өзіндік себебі барын да айтқан. Себебі, үлкен көлемде сараптама тағайындалған екен. Алайда оның қашан дайын болатынын өзі де айта алмайтынын жеткізген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!