Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында «Ақшатау» елді мекеніндегі жаңа мектептің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қыркүйек айында 60 орындық жаңа нысан ашылғанша шәкірттер бастауыш мектепке бейімделген ғимаратта оқып келген болатын. Енді ауыл балалары бастауыш сыныпты аяқтаған соң аудан орталығына бармай-ақ, өз үйлерінде, ата-аналарының қасында оқуын жалғастырады. Білім ордасы спорт, акт залдарымен, асхана, кітапханамен және жекелеген пәндік кабинеттермен жабдықталған.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектептің құрылысы басталып, алғашқы 900 орындық мектеп өткен жылдың қазан айында облыс орталығында ашылды.
Жыл басынан бері Жаңақорған ауданының «Жаңарық» ауылында, Арал қаласында 300 орындық, Жаңақорған кентінің «Саяжай» шағын ауданында, Қызылорда қаласында 600 орындық мектептер пайдалануға берілді. Жыл ішінде тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат ел игілігіне табысталды. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.
Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты наурыз айында аяқталмақ.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта 1 300 мектепті жаңғыртуды тапсырғаны белгілі. Осы ретте 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектепке, биыл оның 9-ына күрделі жөндеу жасалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!