Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының жұмыс сапары Испанияның Барселона қаласында жалғасты. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл елге сапардың да негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мусаевпен кездесті. Онда Қызылорда облысы мен Испания арасында ынтымақтастық орнатудың мәселелері талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек» деп отандық және шетелдік инвестиция тарту ісіне баса мән беруді тапсырған болатын. Қызылорда облысы мен Испания арасында ынтымақтастық орнату жолдарын талқылау мүмкіндігіне ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Осы елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі біз үшін аса құнды.
Бұл тәжірибені үйрену, игеру өте маңызды деп есептейміз. Өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-әрекеттеріміздің нәтижесінде жаңа биіктерге жетеміз деп сенемін»,– деді Н.Нәлібаев.
Кездесуде Данат Мусаев екі ел арасындағы байланысты күшейтуде жемісті жұмыстар жалғасатынын айтты.
Кейінгі 3 жылда облыста құны 30 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды. Жуырда 16 млрд 600 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Инвестор 215 млрд. теңгеге жаңа жобаның құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 28 млрд. теңге болатын «жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жоба бар. Атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Уранус Уинд» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.
Сондай-ақ, былтырғы Оңтүстік Корея сапарының нәтижесінде биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды.
Айта кетейік, аймақ басшысы сапар барысында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, құрылыс салаларына инвестиция тарту мақсатында “DLQ International Consulting, S.L.”, тағы басқа компаниялардың басшыларымен кездеседі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!