Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесіп, өңірде салынатын инновациялық шығармашылық орталығының құрылыс жұмыстарын талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аймақ басшысы компанияның Қызылорда облысындағы ауқымды жұмыстарына, алдағы уақытта да жалғасатын тиімді әріптестік байланыстың бағытына тоқталды.

Аймақта мұнай және газ өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі «Қазгермұнай» компаниясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кен орындарының көпшілігі өндірістің соңғы сатысына шыққаны белгілі. Олардағы қалдық қордың алынуы қиындық туғызуда. Мәселен, «Қазгермұнай» компаниясы өткен жылы 1,1 млн тонна мұнай өндірді. Осы жылы 1 млн. тонна өндіреді деп болжануда, яғни 10 пайыз төмен. Жекелеген кен орындарындағы ұңғымалар 95%-ға дейін суланған. Салдарынан ұңғымалардың одан әрі игерілмеуі, жұмыс орындарының сақталмауы мүмкін. Өзіңіз білетіндей, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы биылғы мамыр айында аймақтағы «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метрлік ұңғыманы бұрғылауды бастады. Бұл бастама арқылы жаңа перспективалық мұнай-газ кеніштері анықталады деген ойдамыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Кездесуде облыс әкімі газ тапшылығының алдын алу үшін өңдеу қондырғысының қысқа мерзімде іске қосылуы маңызды екенін, бұл жұмыс ерекше бақылауда болуы керектігін қаперге салды. Облыс әкімдігі туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын. Мұнан бөлек, аймақ басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдаудағы «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлесі туралы айтты. Мәселен, «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласының сол жағалауынан Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі.

Өз кезегінде, Асхат Хасенов облыс басшылығына алғысын, әрі қарай әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниетін білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!