Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде паллиативті медициналық көмек көрсету және оңалту бөлімшелерінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған бөлімше ғимараты өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. «Пульс» ЖШС күрделі жөндеу жүргізіп, материалдық базасы жетілдірілді, заманауи үлгідегі технологиялармен қамтылды. Арнайы медициналық құрал-жабдықтар алынып, білікті мамандар тартылды.

Мұнда ауыр хәлдегі және ұзақ уақыт бойы оңалтуды қажет ететін науқастарға тәулік бойы ем-шара жүргізіледі. Ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылған, науқастар мезгілімен ем қабылдап, дәрігер бақылауында болады.

Қос бөлімшеде 5 дәрігер, 50-ге жуық орта және кіші буын қызметкер еңбек етеді. Сонымен қатар, логопед, психолог, массажист, емдік-дене шынықтыру мамандары жұмыс жасайды.

Айта кету керек, жаңа ғимараттың бір бөлігінде облыстық жедел жәрдем станциясына қарайтын аудандық бөлімше орналасқан.

Аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен медициналық нысан ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдіріп, бөлімше жұмысына сәттілік тіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!