Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш Жаңақорған ауданындағы «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебінің», «Саяжай» мөлтек ауданындағы «Жайлы мектептің» жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жаңа ғимаратта оқушыларға арналған өнер студиясы, тігін шеберханасы, музыка, хореография және ритмика, акробатика залдары орналасқан. Мұнда өскелең ұрпақ шығармашылығын, денсаулығын шыңдайды және қолөнермен айналыса алады.
Үш қабатты «Жайлы мектепте» білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың әр қабатындағы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талапқа сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға, түрлі спорттық жарыстар өткізуге лайықталған.Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!