Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы бойынша Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібіндегі мәселеге орай бірқатар тапсырма жүктелді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Оған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев селекторлық режимде қатысып, баяндама жасады.
«Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысымен өзара тауар айналымының көлемі 489 млн. АҚШ долларына жетті.
Аймақта қытайлық инвесторлардың қатысуымен 2 ірі зауыт іске қосылған. Олар – жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін және 197 мың тонна шыны өндіретін зауыттар.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, биылғы ақпан айында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Қытайдың 4 өңіріне іссапармен барып, 34 компания басшысымен келіссөздер жүргізді. Іссапар аясында ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына озық технологияларды енгізу бойынша құны 10,8 млрд. теңге болатын 9 келісім-шартқа қол қойылды.
Биыл Қытай технологиясын пайдаланатын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 397 жұмыс орны ашылмақ. Атап айтқанда, кірпіш зауыты, қағаз және картон шығару, айна өндірісі, жалпы қуаттылығы 90 мегаваттық 3 күн-электр станциясы. Сондай-ақ, нан-тоқаш, кондитерлік және макарон, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары.
Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісіміне сәйкес 100 пайыз Қытайға экспортталады. Бұдан бөлек, Қытай технологиясымен жұмыс жасайтын цемент зауытының жобалау жұмыстары басталды»,– деді А. Зебешев.
Жуырда Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында құрылыс индустриясы, су үнемдеу, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларында 4 меморандумға қол қойылды. Аталған жобалар Үкіметтің тікелей қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады.
Үкімет тарапынан шыны зауытына көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына қытайлық инвестор қарсы міндеттемелер алып, құны 55 млн. АҚШ. доллары болатын қосымша 2 жаңа инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлауда. Олар – кварц құмын байыту және фотогальваникалық күн шынысын өндіру цехтары.
Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында қала және аудан әкімдіктері өкілдері, ауыл әкімдері Қытайға іссапармен барды. «Бір үй – бір өндіріс» атты бағдарламамен, ауылдарды қалалық типте дамыту, елді мекендердің жергілікті брендін қалыптастыру жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!