Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

KAZINFORM – Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта алаяқтар қазақстандықтарды көбіне кімнің хабарласып алдайтынын айтты.

– 2025 жылы 27 892 интернет-алаяқтық қылмысы жасалды (+24%, 2024ж. – 22 560). Олардың жалпы қылмыстар санындағы үлесі 29%-ды (96 354-тен), ал барлық алаяқтықтардың ішіндегі үлесі 61%-ды (45 806-дан) құрайды, – деп жазылған жауапта.
Жүргізілген талдаулар интернет-алаяқтықтар мынадай тәсілдермен жасалатынын көрсеткен:

  • банк, полиция, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атынан – 8 554 (2024 ж. – 5 977);
  • хабарландырулар арқылы тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем алу – 8 357 (2024 ж. – 7 716);
  • инвестициялау сылтауымен – 3 110 (2024 ж. – 1 851).

– 27 892 интернет-алаяқтықтың 49 фактісі бойынша (0,175%) жәбірленушілер өздерінің тұрғын үй-жайларын үшінші тұлғаларға заңды түрде сатқаннан кейін алаяқтарға ақша қаражатын берген, бұл ретте мүлікті иеліктен айыруға қатысты олардың құқықтары бұзылмаған. Аталған фактілер бойынша 2 іс сотқа жолданды. Қалған істер бойынша тергеу жалғасуда, – дейді Бауыржан Әленов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!