Ресейдің Омбы қаласында қазақ тілі мектептерде міндетті пән ретінде оқытылады. Мамандың айтуынша, өңірде қазақ тіліне сұраныс жоғары. Бұған қарамастан қаладағы 11 мектепте қазақ тілі бейіндік пән ретінде оқылып келген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan Ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

Сонымен қатар Омбы қаласындағы мектептерде қазақ тіліндегі сапалы оқулықтар болмаған. Ал қазір тіл мамандарының қатысуымен жаңа оқулық әзірленген. 

«Егер біз бейіндік пән туралы айтсақ, мұндай сабаққа барғысы келген оқушылар ғана барады. Сондықтан тілді толық меңгермейді. Ал міндетті пән ретінде енгізілсе, оқушылар да толық қатысады. Қазір ата-аналар тарапынан да тілге деген қызығушылық артқан. Осы себепті өздері де, балаларына қазақ тілін үйретуге тырысады», – дейді мұғалім Бәткен Сәрсенова. 

Әзірге 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі» оқулықтары сараптамадан өтіп, ресейлік оқу бағдарламасына ресми енгізіліпті. Алдағы уақытта жоғары сынып үшін де оқулық дайындалады. 

«Мен 7-сыныпта оқимын. Қазақ тілін 4-сыныптан бастап үйреніп жүрмін. Менің ана тілім болғандықтан, меңгеріп, еркін сөйлегім келеді. Алдағы мақсатым осы», – деді оқушы Жасмин Әбдірнасырова. 

Омбы және Алтай мұғалімдері жаңа оқулықтар Ресейдің өзге мектептерінде қолданысқа еніп, қазақ тілін оқыту аясы кеңейеді деп сенеді. Жалпы өңірде тілді дамытуға ерекше мән берілген. 

«Соңғы жылдары жастар арасында қазақ тілін білмейтіндер саны көбейді. Бұл олқылықты жою үшін тіл үйірмелерінің де санын арттырдық. Енді қазақтардың мұражайы мен кітапханасын ашуды жоспарлап отырмыз», – «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Елеутаев.

Омбы облысында 70 мыңға жуық қазақ тұрады. Сондықтан мұғалімдер ана тілін барлық мектеп пен балабақшада оқыту керек деп есептейді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!