Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемақорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектептерде бюджет қаражатын игеруін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Министр ретінде қызметке кіріскенде елдегі барлық мектеп директорымен жиналыс өткіздім. Жиында жұмыстың тиісті әрі сапалы деңгейде атқарылу керектігі айтылды. Сонымен қатар мектептерде заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселесі де қозғалды. Жуырда Талдықорғанда және Қызылорда (Жаңақорған ауданы) облысындағы мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шу шыққанын білетін шығарсыздар. Осыған байланысты біздің министрлік осыдан 1 ай бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, бүкіл мектептердің қаржылық жағдайын тексеруді бастап кетті», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, тексеру барысында анықталған фактілер құзырлы органдардың қарауына жіберілген.

Айта кетейік, бұдан бұрын Талдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің үйінен 1 миллиард теңге, сондай-ақ қымбат мүліктің құжаттары табылған еді. 48 жастағы әйел шетелге қашып кетпекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны ұстап үлгерді. Үйін тінту кезінде 942 млн 902 мың теңгеден астам қаражат тәркіленді. Бас есепші ұрлаған ақшаның басым бөлігін шетелдік валютаға айырбастап қойған. Бұдан бөлек, 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан мен Лэнд Крузер 200 маркалы көліктің құжаттары табылды. Зергерлік бұйымдар да шықты. Қазіргі кезде 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған дүние-мүлікке уақытша шектеу қойылды.

Көп ұзамай Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысы да тергеліп жатқаны белгілі болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!