Жуырда ғана америкалық ғалымдар әлемдегі мұздықтардың жоғары жылдамдықпен еріп жатқанын жариялады. Осыған дейін де талай ғалым дабыл қаққан мәселе жыл сайын ұлғайып келе жатқаны жасырын емес. Science журналына шыққан зерттеулерден табиғаттағы бұл өзгеріс осы қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына жетпей мұздықтардың үштен екі бөлігі жойылып кетуі мүмкін екенін аңғаруға болады. Бұл деректі болжам десек те, мұздықтардың еруі адамзатты бей-жай қалдыратын тақырып емес.

Америкалық ғалымдар Гренландия мен Антарктиканы қоспағанда 215 мың мұздықты жан-жақты зерттеген. Негізінде мұздықтардың басым бөлігі Антарктида мен Арктикада орналасқаны белгілі. Егер мұндағы ақ құрсау жылу әсерінен бусанатын болса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жағдай ғалам­шардың біраз бөлігіне су басып қалу қаупін тудыратыны рас. Соңғы уақытта ғаламдық жылыну әсерінен Арктика мен Антарктикадағы су жылынып, мұздардың менмұндалаған көрінісі көмескеліне бастаған. Тіпті жылынған судың әсері мұздықтардың әлдеқайда тез еруін үдете түскен. Бұл жерде Батыс Антарктида мұздықтарының басым бөлігі теңіз қайраңында орныққанын ескерсек, аймақтағы жағдайдың мәз еместігін түсінуге болады. Әрі мұнда аумағы Қостанай облысының көлеміне тең Туэйтс мұздығы бар. Егер мұздыққа еру қаупі төнсе, әлемдік теңіз деңгейі бір метрге көтерілуі мүмкін деген қауіп бар.

National Geographic зерттеушілері 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін екенін айтады. Ал әлемдегі ең үлкен арал саналатын Гренландияда 2002 жылдан бері әр маусым сайын орташа есеппен 287 млрд шаршы тонна мұз ериді екен. Толықтай дерлік мұз астында орналасқан арал (85 пайыз) Америка мен Еуропа аралығында орналасқан. Бір қызығы, мұз құрсауындағы арал жағалауы жаз айларында көгалданып тұрады, тіпті кейбір өсімдіктер -20°С температурада да гүлдене беруімен ерекшеленеді.

Зерттеушілер негізінен орташа аумақтағы мұздықтардың жылдам еруі салдарынан 2100 жылға дейін әлемдік мұздықтардың 83%-і жойылады деген болжамды алға тартады. Осы орайда Карнеги-Меллон университетінің ғалымы Дэвид Раунстың басылым беттеріндегі мына пайымы елең еткізді:

«Зерттеулерде әрбір мұздықтың жаһандық деңгейдегі көлемінің өзгеруін көрсететін жаңа деректер жинағын қолдандық. Нәтижесінде шағын бірақ танымал мұздықтар жақын арада жоғалады деген болжамға келдік. Соңғы болжамдар бойынша 50-80% мұздық еріп кетуі мүмкін. Ал мұның салдары  адамзатқа үлкен қауіп төндіреді» дейді маман.

Қазіргі кезде мұздықтардың қарқынды еруіне климаттық өзгерістер ықпал етуде. Бірақ әлемдік мұхиттағы мұздықтар да бұрын  дәл осындай қалыппен бірте-бірте опырылған. Нәтижесінде әлемдік мұхит деңгейі 500 жылда 18 метрге дейін көтерілген. Демек болашақта осы сценарий қайталануы мүмкін. Алайда ғалымдар бұрынғы кезде мұхиттағы мұздықтардың неліктен тез ерігенін әлі күнге нақты түсіндіре алмай келеді. Осы бағытта ізденген Ұлыбританияның Дарем университетінің ғалымдары зерттеу нәтижесін Nature Communications ғылыми журналында жариялаған. Олар геологиялық деректерді талдау барысында әлемдік мұхиттағы мұздықтардың соңғы кенеттен еруі 14600 мың жыл бұрын болған деген шешімге келген. Аталған жағдайға ғаламшардың солтүстік жарты шарында орналасқан мұздықтардың кенеттен еруі себеп болды деп түсіндіреді. Бірақ ол кезеңде Антарктида мұздықтары міз бақпаған болатын. Кейбір ғалымдар мұз көбесінің сөгілуіне жанартаулардың атқылауы әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Мұздық­тардың тез еруі теңіз деңгейін көтеруімен ғана қауіпті емес. Табиғаттың тосын тартуы мұз аумақты мекендеген тіршілік иелерінің азаюына әкелген. Себебі Арктиканың ақ аюы мен Аделие пингвиндері мұздықтардың еруі салдарынан азық таппай  сенделуде.

Мұздықтар жайлы айтқанда, ғаламдық мәселе бізден әлдеқайда алыста болып жатқандай сезілетін рас. Бірақ еліміз үшін бұл тақырып таңсық жағдай емес. Себебі Қазақстанда 2724 мұздық орналасқан, соның ішінде ең танымалы Тұйықсу мұздығы да жыл сайын еру салдарынан жұқарып барады. Мұның әсерінен  мұздықтардан өзендерге ағатын  су көлемі жыл өткен сайын азая түседі. Қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің елу пайызы мұздықтардан келетін суға мұқтаж екенін ескерсек, ғаламдық жылыну салдары болашақта бұл салаға да зиян келтіруі мүмкін.  

Жаһандық жылынудың әсері Каспий теңізіне де өзгеріс әкелген. Мұндағы беткі ауа температурасы бір градусқа жылынған. Geophysical Research Letters журналына жарияланған зерттеу нәтижесі кейінгі 20 жылда теңіздің булана бастағанын, соның әсерінен  су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 сантиметрге азайып, 1,5 метрге төмен түскенін көрсетеді. Егер бұл үдеріс жалғаса берсе, теңіздің тартыла беруі ықтимал.

Соңғы уақытта әлем жұртшылығы бұл мәселеге байыппен қарап, шешу жолын қарастыруда. Бірі жаһандық жылынудың алдын алу үшін адамзат қолымен жасалған экологиялық апаттарды тоқтату керек десе, енді бірі жасанды мұздықтар ойлап табудың жолдарын іздеп әлек. Бір білеріміз, мұздықтардың мұндай өзгерісіне адам баласының да әсер ететіні анық. Бәлкім, қоршаған ортаны қорғау жайлы қоғамда жалпы түсінік қалыптасса болашақтағы қауіптің қарқыны сейілетін болар?!

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!